К.Шәмшидинова: Ағылшынша – тек жоғарғы сыныптарға
Мектепте оқушыларға ағылшын тілінде пәндер тек 10 және 11 сыныпта, баланың тілдік қабілеті жеткілікті болған және мектеп дайын болған жағдайда, мектептің шешімімен ғана берілетін болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үштілділікке байланысты: ең бірінші мәселе – қазақ тілін оқыту мәселесі. Екінші орыс тілі, ағылшын тілі мәселелері. Яғни тілдерді оқыту бұл деңгейге байланысты төрт дағдыны дамытуға бағытталады. Олар – тыңдау, айту, сөйлеу және жазу дағдылары. Сондықтан ағылшын тілінде балаларға пәнді беру тек 10 және 11 сыныпта, баланың тілдік қабілеті жеткілікті болған жағдайда және мектеп дайын болған жағдайда, мектептің шешімімен ғана жүретін болады. Қазіргі таңда 153 мектепте ұйымдастырылған ағылшын тілінде оқытуға біз мониторинг өткізіп отырмыз. Осы мониторингтің нәтижесінде дамытуға болатын сұрақтар және осы нәрсені дамытуға кедергі келтіретін мәселелер анықталып, болашақта мектептерге көмек ретінде берілетін болады», – дейді министр.