Қоғамдық кеңес қадағалауда ұстайды
Нұр Отан партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қадағалайтын Қоғамдық кеңесті құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қоғамдық кеңес 26 адамнан құралған. Онда жетекші саяси партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшы мамандар бар.
"Елбасының бұл бастамаларын толыққанды және сапалы орындау – меморгандар алдында тұрған үлкен міндет. Бүгінде іске асыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Осы жұмыстарды қадағалауды Елбасы Нұр Отан партиясына тапсырды. Бұл Кеңестің үш басты міндеті бар – әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау, бағдарламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және Елбасы бастамаларын жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну", – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қадағалайтын Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында.
Сондай-ақ, отырыс барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы тағайындалды.
"Мұнда бірнеше партия мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері отырғандықтан, Қоғамдық Кеңесті менің басқарғаным жөн болмайды. Сондықтан, құрметті әріптестер, төрағалыққа ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлын тағайындауды ұсынамын. Бақытжан Тұрсынұлын баршаңыз жақсы танисыздар. Оның кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, тәжірбиесі мен әлеуметтік саладағы білім көкжиегі біздің кеңестің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді", – деді М. Әшімбаев.
М. Әшімбаевтың ұсынысы бірауыздан мақұлданды және Бақытжан Жұмағұлов өзіне сенім білдіргені үшін Кеңес мүшелеріне алғыс білдірді. Қоғамдық кеңестің хатшысы лауазымына Нұр Отан партиясының хатшысы Фархат Шаймұратұлы Қуанғанов тағайындалды.