Кедергісіз орта – баршаның ісі
Лисаков қаласындағы мекемелер мен ұйымдардың ғимараты мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты қолжетімді. Осы мәселе әкімдіктің ведомствоаралық комиссиясында таразы талқысына салынды. Жиынға қатысушылар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды жіпке тізіп берді.
Бүгінде кеншілер қаласында мүгедектігі бар 942 адам тіркелсе, оның 81-і – балалар. Сондықтан осы санаттағы жандарға қолжетімді орта құру – биліктің бас міндеттерінің бірі. 2014-2018 жылдары қаладағы 53 нысан мүгедектер ыңғайына бейімделген.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, биыл бұл іс №1, №4, Октябрьский орта мектептері, мектеп-гимназия мен «Стом&D» медициналық орталығында жалғасын табады. 2020 жылы №3, №6, Красногор орта мектептері мен мектеп-лицейге, темір жол вокзалына, «Мирас» медорталығына, «Арай» супермаркетіне, Лисаков техникалық колледжіне, «Забота Company LTD» серіктестігі №5 шағынаудандағы дәріханаға пандустар орнатылса, 2021-2022 жылдары тағы 6 нысанды қамту жоспарда бар.
Айта кету керек, бейімдеу тек пандустар орнатумен шектелмейді. Нысандардың қызмет көрсету зоналарын, санитарлық-тұрмыстық бөлемелерін, ақпарат және телекоммуникация құралдарын естуі, көруі нашар жандарға барынша ыңғайлы етіп қайта құру қажет.
Әкімдіктегілер кез келген адам денсаулығындағы ақауына қарамастан жұрт секілді білім алуға, денсаулығын түзетуге, спортпен айналысуға, өмірдің басқа да игіліктерін пайдалануға құқығы бар екендігін алға тартып, тиісті органдарды осы бағыттағы жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ