Ақ мол болсын!
Таран ауданы Май ауылында отбасылық кәсіпорын – ірімшік қайнату өндірісі ресми түрде іске қосылды. «Ержанов» жеке кәсіпкері шығаратын өнімнің басты артықшылықтары – қолжетімді баға, технологиялардың сақталуы мен экологиялық тазалығы. Сүйікті ісін кәсіптің көзіне айналдырған Наталья Ержанованың айтуынша, осы стандарттарды сақтау үлкен еңбек пен қажырлықты талап етеді. Алайда шын талпынғанға алынбайтын асу жоқ.
Ірімшік қайнату кәсіпорнының қазіргі ғимараты моншаның орнына жайғасқан. Мұнда қалыпқа келтіру үстелі, тұздау бассейні, пісіп жетілу камерасы, сүт қабылдау және бөлшектеп өлшеу пункті бар.
Кәсіпті нөлден бастау оңай іс емес. Өндірісті барлық санитарлық, өрт қауіпсіздігі, сапа талаптары мен нормаларына сәйкестендіру үшін көп уақыт пен қаржы жұмсалғаны анық. Сол себепті құрылыс жұмыстарын барынша өз күшімен және туыстарының көмегімен жасауға тырысқан. Ержановтар отбасы құжаттарды рәсімдеп, бизнес-жоспарды құруға көмектескен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен аудандық әкімдіктің қызметкерлеріне зор алғысын білдіреді.
Бүгінде Наталья Ержанова тәулігіне 50 килограммға дейін ірімшіктің бірнеше түрін шығарады. Соның ішінде рикотта мен качотта зор сұранысқа ие. Сүтті болса, ауылдастарынан басқаларға қарағанда жоғары бағамен сатып алады.
Айта кетейік, өткен жылы ғана 3 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты жеңіп алған кәсіпкер жобаны көршісімен бірге қолға алған болатын. Кейін түрлі жағдайларға байланысты кәсіпті жалғыз өзі жалғастыруға тура келеді. Енді міне, бейнеттің зейнетін көретін кез де келіп жеткен секілді.
– Қазірдің өзінде облыстың бірнеше аудан-қалаларынан біздің өнімге қызығушылық танытуда. Дегенмен, біріншіден, аудан халқының сұранысын қанағаттандырғым келеді, – дейді Наталья.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ