Ахаңның Орынборда ізі қалған
Орынбордағы 7 тарихи ғимарат «Қазақстанның киелі нысандары» тізіміне енуі тиіс. «Байтұрсынов оқулары» халықаралық ғылыми конференциясында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық сөзін осындай бастамамен түйіндеді. Жуырда ғана ғылыми экспедициямен Орынбор сапарынан оралған ол Ахаң ғұмырнамасы мен Алаш қозғалысы тарихындағы Орынбор кезеңі туралы өз ойын ортаға салды.
«Егер біз осы тарихи ғимараттарға QR-код қойып, ескерткіш тақтайша орнатсақ, Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйден музей аша алсақ, бұл – Тұңғыш Президент, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты қадамдарының бірі болатыны сөзсіз әрі тәуелсіз жұртымыздың елдік қадір-қасиетінің рәмізі болатыны анық. Сондықтан Орынбордағы сакралды ғимараттарға тарихи белгі қоюымыз керек. Бұған Қостанай облысы да, университет те өз үлесін қосады деп сенемін. Себебі Қостанай – Ахмет Байтұрсынұлының туған жері әрі Алаштың алтын бесігі» – деді ол.
Сонымен, Орынбор шаһарындағы қазақ үшін қастерлі тарихи нысандарға назар аударалық:
1917 жылы І және ІІ жалпықазақ сиезі өткен ғимарат (Пушкинская , 39)
«Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан ғимарат, переулок Хлебный, 4
«Қазақ» газеті басылған типография ғимараты (Керуен сарай)
Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй (Чичерина, 75)
Ахаңның 50 жылдық мерейтойы аталып өткен ғимарат (Кобзев көшесі, 43)
Совнаркомның ғимараты (бұрынғы генерал-губернатор сарайы) – 1920-1925 жылдар
З.Уәлиди бастаған башқұрт, татар халықтарының басшыларымен Алаш көсемдері бас қосып отыратын Керуен сарай
Құрманғазының «Балбырауын» күйінің шығу тарихына қатысы бар ғимарат (меценат, граф Браунның үйі, Советская 17)
Нұрқанат Құлабаев