Науқан бел ортаға таяды
Бүгіндері облыс бойынша егіс науқанының межеленген жоспары 47 пайызға орындалды. Өңір диқандары дала жұмыстарын 3 маусымға дейін аяқтауға ниетті. Өзге аудандар сияқты сарыкөлдіктер де бел жазбай еңбектену үстінде. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапары барысында көз жеткізіп қайтты.
Аудандағы науқан барысын кәнігі диқан Баймырза Сатаевтің алқабындағы қызу жұмыстан-ақ аңғаруға болады. Дән сіңіру дәстүрін биыл 25-рет жалғастырып отырған оның иелігінде 12 мың гектар егістік жер бар.
-Мұншама аумақтың 4 мың гектарына бидайдың 29, 36 маркалы Омбы сұрыбы, 3 мың га аумаққа "Қостанай-2" қатты бидай тұқымы, 1100 гектарына күнбағыс дәні себілді, қалғаны – азықтық тұқымдарға тиесілі, – дейді ол. – Әзірге, қолбайлау болар ешқандай қиындық жоқ. Техника сайлы, жанар-жағар май жеткілікті, ауа райы жайлы.
Науқанға жылдағыдай 16 мамырда кіріскен ол осы айдың 30-да жұмысты толық аяқтайтынын айтады. Ал аудан әкімі Эльдар Күзенбаевтің өңір басшысы Архимед Мұхамбетовке берген мәлімдемесіне сүйенсек, сарыкөлдіктер егіс жұмыстарын маусым айының алғашқы бескүндігінде тәмамдаудан үмітті. Биыл әртараптандыруға ден қойылуына байланысты, астық егілетін танап әлдеқайда қысқарған, есесіне элиталы тұқым былтырғыға қарағанда 2,8 % артық сіңіріледі. 13 мың га жерге күнбағыс дәні көміліп, 15 мың гектарға картоп өсірілмек.
– Биылғы көктем науқанына 970 бірлік трактор, 50 тұқым себу кешені жұмылдырылды. Жұмыс кестеге сай еңсеріліп келеді, – деді Э.Күзембаев. – 23 мамырдағы көрсеткіш бойынша, дала жұмыстары 44% орындалып отыр. Оның 42% бидайға тиесілі, ал 18 мың га алқапқа майлы дақылдар егілді. Жанар-жағар май жеткілікті, қоймада 1100 тонна қор бар. Енді, ауа райы қолайлы болса, жұмысты 2-3 маусымда толығымен аяқтауды көздеп отырмыз.
– Басты мақсат – егіс жұмысын неғұрлым оңтайлы мерзімде бітіру. Өйткені бұл – өнімді молырақ алуға ықпалы бар маңызды факторлардың бірі. Алдағыны әлі уақыт көрсетер. "Қазгидромет" мамандары жазда түсетін жауын-шашын орташа болады деп жорамал жасап отыр. "Ауланбаған аюдың терісін бөліске салмай тұра тұр" деген бар ғой, үмітпен күтейік. Бастысы, күзде жақсы көңіл-күймен кездесуге жазсын, – деді облыс әкімі сарыкөлдік шаруалармен әңгімесі барысында.
Ол қазіргі таңда диқандарды күпті қылып отырған бидай бағасына да қатысты пікір білдірді. Астық құнын аз да болса көтеру ұсынысымен министрлікке және азық-түлік корпорациясына жүгіну жоспарланып отыр екен. Майлы дақылдардан да сайлы табыс көру мүмкіндіктерін осы бастан қарастыру қажеттігі зор.
– Майлы дақылдар алқабын ұлғайтумен қоса, өнімдерді өткізу тетіктерін сіздер үшін айқындап беру – міндетіміз. Сол себептен, Kazmil компаниясымен әріптес болу жолы ашылып отыр. Инвесторларды күні кеше ғана қабылдадым. Бұл Қазақстан мен Қытай республикаларының бірлескен компаниясы. Олар біздегі индустриялық аймақта 200 млн еуроға ұн, күнбағыс майы және кеспе өндіретін ірі зауыт салмақшы. Бұл сіздердің өнімдеріңізді тұрақты тұтынушы болар еді, – деді А.Бегежанұлы.
Жалпы, аймақ басшысы негізге алатын мақсат – майлы дақылдарды да, бидайды да қабылдайтын бірнеше зауыт салу. Сол арқылы, өңдеуші зауыттардан алшақтауға бейімделу қажеттігі туындайды. Бұған қоса, сату-өткізу мүмкіндіктерін тұрақты иелену – табыс қайнары. Оны тапқаннан кейін ғана тиісті аудандардан әртараптандыру бағыттарын есепті түрде талап ету ықтимал болмақ.
Әртараптандыру демекші, әл-әзір бұл бағыт Меңдіқара, Ұзынкөл, Қарабалық, Федоров, Қостанай сияқты 6-7 ауданда ғана жүзеге асып жатыр. Облыстағы бұл бағытқа тиесілі танап көлемі – 444 мың га. Көпшілігі – күнбағыс, лен, жасымық, рапс.
Айта кетейік, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Дархан Әбдікәрімовтың ақпаратынша, бүгінгі таңда өңірде 3 млн 980 мың га алқаптың 1880 мың гектарына дән себілген.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев