Маман тапшылығы әлі де шешімін таппай отыр
Бұл туралы бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде облыс әкімі А.Мұхамбетовтің қатысуымен өткен жиында көтерілді. Кеңейтілген отырыс Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру, тәжірибе, перспективалар мен міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында облыстың білім беру саласын дамыту» тақырыбына арналды.
Шағын жинақты мектеп жұмысын жетілдіру, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру – маңызды әлеуметтік-экономикалық және педагогикалық проблема, онда бірнеше құрамдас бөліктер бар.
Біріншісі-шағын жинақты мектептердегі кадрлардың тұрақтамауы. Себептердің бірі-маманға алған мамандығы бойынша толық жүктемемен жұмыс ұсыну мүмкіндігінің болмауы. Екінші – бірнеше білім беру деңгейлерінің бағдарламаларымен шағын кешенді мектепте жұмыс істеу қиындығы, өйткені мұғалім әр жастағы балаларды оқытады. Сондай-ақ, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де белгілі.
Бүгінгі күннің міндеті-өңір үшін бәсекеге қабілетті педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған академиялық қызметті жетілдіру. Осы мақсатқа жету үшін жоғары білікті педагог кадрларды даярлау үшін жағдай жасау қажет. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев жоғарыда аталған проблемаларды шешу жолдарына тоқталды:
-Мектептердің 60%-дан астамы Қостанай облысының Арқалық қаласына жақын орналасқан кенттерде, Жанкелдин және Аманкелді аудандарына тиесілі. Бүгінгі күні педагогикалық кадрларға деген қажеттілік 200-ге жуық маманды құрайды. Бастауыш буын мұғалімдерінің, математика, физика, химия, орта буын ағылшын тілі мұғалімдерінің тапшылығы үнемі байқалады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Институт жыл сайын 250-ге жуық білім бакалаврларын даярлайтынына қарамастан, ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі азаймайды, бұл педагогикалық жүктеменің төмендігіне байланысты. Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап институт "Математика-Физика", "Математика-Информатика", "Физика-Информатика" болып қосарлас мамандықтар даярлауға көшті. 2018-2019 оқу жылында институт орналасқан аймақтың білім беру мекемелерінен мамандардың жетіспеуіне байланысты жоғары курстардан 66 студент педагогикалық қызметке жіберілді. Оқу процесі кезінде дуальді оқуға қатысқан студенттер диплом алғаннан кейін мектеп директорларымен келісім-шарт негізінде жұмысқа орналасады, – деді С.Қуанышбаев.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов институт ректорының жұмысына оң бағасын беріп, осы басталған науқанды әрі қарай сәтті жүзеге асыруды тапсырды.