Алты жерлесіміз марапатталды

Биыл Қазақтың біртуар дарыны, күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының туғанына 175 жыл. Қостанай қаласында тұлғаның шығармашылығына арналған мәдени іс-шара өтіп, соның аясында ұлт өнерінің насихатына үлес қосып жүрген қостанайлықтар марапатталды.
Заманында «Сыр сүлейі» атанған күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлы 1847 жылы бүгінгі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының бүгінгі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты Қаратаудан құлай аққан Жиделі өзені бойындағы Бектібай сазы деген қоныста  дүниеге келген. 12 жасынан бастап ел ішінде домбырашы бала атанған ол өсе келе әйгілі күйші атанады.
Әлшекей – тағдыры өте күрделі тұлға. Күйшінің кемеліне келген шағында Қазан төңкерісі болады. Байдың ұрпағы деген желеумен отбасы, туыстары қудалауға ұшырайды. Осы қуғын-сүргіннің лаңы өмір бойы қыр соңынан қалмаған екен. Бірақ қандай қиындық көрсе де домбырасын тастамаған күйші 1932 жылы Тәжікстан, Душанбе облысы, Қорғантөбе ауданы, Жуан қыстағында көз жұмады. Бүгінде композитордың елуге тарта күйі белгілі.
Әлшекей Бектібайұлын насихаттау шарасы туған жері Сыр өңірінен бастау алды. Қызылордада өткен республикалық конференция, фестиваль ұйымдастырылып, оған Қостанайдың бас қобызшысы, Н.Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Батырбек Байназаров қатысып қайтқан болатын. Сол жиында ұлттық өнерге сіңірген зор еңбегі үшін Батырбек Қасымұлы Әлшекей Бектібайұлы медалімен марапатталған еді.
Жақында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай филармониясының ұйымдастыруымен «Желдірме» күй керуені өткен еді. Республикалық деңгейдегі шараға Қызылордадан белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Әлімжан Әбсадық, Әлшекей Бектібайұлының мұрасын түгендеушілердің бірі әрі ұрпағы, күйші, композитор, алматылық Марат Жанғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық “Отырар сазы” оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, астанадан келген қобызшы Жұмагүл Қуанышқалиевалар қатысқан болатын. 
Күй кешінде Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының президенті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Әлшекейдің шөбересі Оңғарбай Дәнебеков күйші мұрасын насихаттауға үлесін қосқан филармония директоры Берік Оразалин, дирижер Аслан Өтебаев, домбырашы Мұрат Хамитов пен ұзақ жылдардан бері концерттік сценарийлерді жазып келе жатқан Абылай Маудановқа көпшілік алдында мерейтойлық медальді табыстаған болатын. Оңғарбай Дәнебеков сол кеште танымал композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдинге марапат берілгенін айтып, медальді иесіне тапсыруды Қазақстан Күйшілер одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Батырбек Байназаровқа аманаттаған еді.
Батырбек Байназаров аманатты орындап, денсаулық жағдайына байланысты концертке келе алмаған композитор Қалибек Деріпсалдинге арнайы барып, мерейтойлық медальді салтанатты түрде табыстады.
– Мен шығармашылық жолда көптеген марапат алдым. Әйтсе де күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлы атындағы медальдің орны бөлек. Еңбегімді елеп, мерейімді асырған азаматтарға, оның ішінде күйші бабаның тікелей ұрпағы Оңғарбай Дәнебековке алғысым шексіз. Бұл менің келе жатқан 70 жылдық мерейтойым алдында зор сыйлық болды, – деп ризашылығын білдірді Қалибек Деріпсалдин.
Жоғары аталған «Желдірме» күй концерті аясында Н.Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптарының репертуары Әлшекей Бектібайұлының 14 күйімен толықққанын айта кеткен жөн.
 
Асыл ҚАСЫМ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓