Рәсімдерге бірізділік керек
Қостанайда «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты семинар өтті. Бұл жиында ҚМДБ төрағасының орынбасары А.Әділбаев, "Шариғат және пәтуа" бөлімінің меңгерушісі С.Шоқанов, Қостанай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин, Қостанай облысының өкілі бас имам Б.Тәжімбет және облыс көлеміндегі ақсақалдар қауымы қатысты.
Бұл басқосудың мақсаты – жаназа және діни рәсімдерді бірізділікке түсіруді насихаттау, аста-төк ысырапшылдыққа жол бермеу.
Өткен жылы осы тақырыпта үлкен жиын болып, онда ҚМДБ тарапынан жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап басшылыққа алынып, жаназаға қатысты бірнеше шешім қабылданған болатын. Осы шешім аясында атқарылған, қолға алынған жұмыстар бойынша Алтынсарин ауданынан Жандарбек Қарбенұлы, Ұзынкөл ауданы алқа мүшесі Кенесары ақсақал және Әулекөл ауданынан келген Қайдар Әбдірахманұлы сөз сөйледі.
ҚМДБ төраға орынбасары Алау Шайқымұлы өз сөзінде:
«Жаназа тақырыбына қатысты елді толғандырған мәселелер көп. Қазақ халқының қаза болған адамды жерлеу салттары шариғат қағидаларымен атқарылған және атқарыла бермек. Жерлеу рәсімі елімізде жалпылама бірдей орындалғанымен, кейбір аймақтық ерекшеліктер кездесіп тұрады. Біздің мақсатымыз – діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды жойып, олардың орындалуын бірізділікке түсіру, жамиғатқа бірдей біріңғай үкімдерін жеткізу. Өйткені мұсылмандық діни рәсімдердің түп-негізі – шариғат үкімдері. Ал шариғат үкімдері жалпы мұсылман үмбетіне ортақ", – деді.
Жиын соңында Бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы айтқандай, жаназа рәсімдеріне қатысты ұсыныстар халық тарапынан қолдау тауып жатса, алдағы уақытта нақты шешім ретінде бекітілетін болады.
Бұл басқосудың соңында мәжіліске келген ақсақалдар мен қонақтар күн тәртібіндегі мәселені бір ауыздан қолдайтынын және оның өте маңызды екенін айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі