Ұстаздарға құрмет
Ұлы Ұстаз Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған болар. Олардың еңбегі өлшеусіз, қандай марапат сыйласаңыз да, құрмет көрсетсеңіз де, мақтау айтсаңыз да жарасымды. Міне, осындай құрметтер мен алғыстар Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет сарайында Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шарада айтылды. Салтанатта Қостанай қаласының әкімі Б. Жақыпов, облыстық білім басқармасының жетекшісі Б.Даумова, білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы З.Ділдабекова сөз сөйлеп, облысымыздың білім саласында қызмет атқарып жүрген ұстаздарға игі тілектерін жеткізіп, алғыстарын, жылы лебіздерін білдірді.
Облыс педагогтарының білім берген шәкірттері облыс қана емес республика, халықаралық білім байқауларында табыстарға жетіп жүр. Сондықтан да аймақтағы барлық мектептердің, білім мекемелерінің қай-қайсысы болмасын, өзіндік бет-бейнесі, мәртебесі бар. Ұстаздарымыз еліміздің өскелең ұрпақтарын бәсекеге қабілетті, заман талабына сай білім беріп, саналы етіп тәрбиелеу үстінде. Білім саласына мемлекет және жергілікті атқару органдары тарапынан қомақты қаржы бөлінеді, мектептеріміздің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып отыр. Ұстаздарымыз бүгінде жаңартылған білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді. Қазіргі ұстаздар алдындағы басты міндет пен мақсат – білімі терең, ойлауға қабілетті, әлемдік білім беру стандарттар негізінде құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте, кәсіби білікті болуы тиіс.
Сол секілді салтанат барысында өңіріміздің бір топ ұстаздары ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс, қала әкімінің, облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ одағының грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды. Құшақтары гүл шоқтарына толды.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ