Арақты жеңген ауыл

Жангелдин ауданының Шилі ауылында соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Қазір Шилі ауылдық округінде 400-ден астам адам тұрады. Қазір бұл ауылда алкоголь саудасымен айналысуға тыйым салынған. Мұнда белгілі бір уақыт аралығында емес, тәулік бойы арақ-шарап сатылмайды. Бұл –  тұрғындардың ортақ ұйғарымы.
-Қазіргі уақытта бізде 95 аула, 7 ірі мал шаруашылығы бар. Ауылдарда 3 азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Соңғы 3 жылда спирттік ішімдіктерді сату тоқтатылды. Бұл ешқандай да мәжбүрлі шара емес, тұрғындар осындай ымыраға келді, – дейді Шилі ауылдық округінің әкімі Ербол Досмағамбетов.
Мұның пайдасы болмаса, зиянын көріп жатқан ешкім жоқ. Шағымданушыларды да кездестірмейсіз. Соның әсері ме, соңғы 3 жылда округте ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген.
 Біз алкоголь өтімдерін сату лицензиясынан бас тарттық. Азық-түлік пен киім-кешек сатумен айналысамыз. Осының өзі жеткілікті. Бір жақсысы, қазір ауыл тыныш, көшеден бірде-бір мас адам көрмейсіз, – дейді ауылдағы "Береке" дүкенінің иесі Сәуле Шоқанова.
Ауыл тұрғындары полицияның жұмысы мен жергілікті атқарушы биліктің арқасында округте тәртіп орнатылғанын мойындайды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓