Ауылға кел, жас маман!
«Қостанай» спорт кешінінде облыстық бос орындар жәрмеңкесі өтті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, мұндай ауқымды шара өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға барлық аудан-қалалардың әкімдері қатысты.
– Бүгін жоғарғы оқу орындарының түлектері үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп отыр. Бұл жұмыс берушілер үшін білікті мамандарды тартуға, ал жас мамандар үшін лайықты жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік экономикалық форум «Еңбек нарығының тиімділігін» жаһандық бәсекеге қабілеттілік индекс тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсізс ауалнама жүргізіп келеді. 2018 жылы осы белді ұйымның жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 35-ші орыннан 30-шы орынға көтерілді. Бұл – еңбек қатынастарын реттейтін тараптардың мүдделерінің тепе-теңдігін сақтай отырып, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алған 700-ден астам студент облыстың жоғарғы оқу орындарын тәмамдайды. Сіздер «Еңбек» бағдарламасы мен «Еңбек ресурстарының ұтқырлығы» бағыты бойынша тамаша мүмкіндікке ие болып отырсыздар. 2018 жылдан бастап Бағдарлама қатысушыларының қатарына «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының түлектері де қосылды, енді сіздер шыққан аймағына қарамастан қоныс аудару бағдарламасына да қатыса аласыздар, – деп түсіндірді аймақ басшысы.
Архимед Бегежанұлы қоныс аудару кезінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналастырып, көшуге және тұрғын үй жалдауға субсидия төленеді. Сонымен қатар, жеке меншікке тұрғын үй алу үшін бір жолғы төлемақы қарастырылған.
– Елбасының бастамасымен жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Солардың ішінде жемісті жүзеге асып келе жатқаны – «Дипломмен ауылға!». Осы уақытқа дейін аталмыш бағдарлама арқылы өңірге 4310 жас маман келді. Оларды жұмысқа орналастыруға, жүріп-тұруына 4 млрд 700 млн теңге қаражат жұмсалды. Міне, осы сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін түсіндіру үшін бос орындар жәрмеңкесін өткіздік, – деді аймақ басшысы.
Бос орындар жәрмеңкесі орталықтан шалғай орналасқан елді мекендерге маман тарту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, Қостанай облысында қазірге дейін 1200 бос орын бар. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, сәулет, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салалары бойынша мамандар жеткіліксіз.
Мәселен, Федоров ауданына 88 маман керек. Оның ішінде, 17 мемлекеттік қызмет, 9 денсаулық сақтау, 30 білім беру саласының қызметкері іздестірілуде.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев