Зәуре Бәйменова: «Жақсы жобалар жетерлік»
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігінің ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет және білім басқармалары басшыларының қатысуымен брифинг өтті. Басты тақырып – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижелері, 2020 жылға арналған міндеттер. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Бәйменованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық арнайы жобасы бойынша былтыр 8 млрд теңгеге 323 жоба және 1477 іс-шара іске асырылған. Қаржының дені – демеушілерден.
– Жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Туған жер»арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Оның міндеттерінің бірі – кіші отанды қолдау. Осыған байланысты облыста «Көркейе бер, Қостанай!» жобасы жалғаса береді. 2019 жылы облыс меценаттары 5 млрд теңгеге 172 жобаны іске асырды. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мектептерді IT-сыныптармен және робототехника кабинеттерімен жарақтандыру жұмысы басталды. Өткен екі жылда меценаттар жалпы сомасы 287,7 млн теңгеге 48 IT-сыныбын және 28 робототехника кабинетін ашты, – деді Зәуре Әнуарбекқызы.
2019 жылы облыс кәсіпкерлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті жариялаған «Бақытты отбасы»акциясына қолдау көрсетті. Демеушілер көмегінің арқасында 46 көп балалы отбасы пәтер кілтіне ие болды. Мәселен, Б.Майлин ауданында 8 пәтер, Науырзымда 7 пәтер, Қарасуда 6 пәтер тапсырылды. Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Рақмет саған, туған ел!» жобасы іске асырылып келеді. Оның мақсаты – өңір кәсіпкерлерін біріктіріп, жүйелі жобаларға тарту.
– Жоғары табысқа жеткен жерлестердің қатысуымен әр түрлі сипаттағы 103 іс-шара өткізілді. Әр қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген олар жетістіктерімен бөлісті. Бұған қоса «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасына былтыр іріктеудің қорытындысы бойынша 32 адам жоба жеңімпазы атанды. Оның ішінде Қостанай облысынан Малика Мұқтарова, Рүстем Ерғали, Динара Шүкіжанова және Максим Рюминдер бар, – деді басқарма басшысы.
Былтыр 57 үкіметтік емес ұйым 96 жобаны сәтті іске асырды. Оған 101,7 млн теңге жұмсалды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембай