Бүгінгі “БЕТАШАРДЫҢ” беталысы қалай?

Ұлын ер жеткізіп, қызын өсіру, оларды құтты орнына қондыру қаймана қазақтың қашаннан басты мақсаты. Кішкентайы іңгәлап өмірге келгеннен той қамына кірісетін тойшыл қазекем баласы үйленгенде де тойдан тартынып қалған емес. Тек кейінгі жылдары нарық әсер етті ме… әйтеуір қазақтың той сипаты өзгеріп барады. Айтпағымыз…
Рәзия Қашқынбайқызы, жорналшы.
Қостанай ауданының тұрғыны:
– Мен мұндайды дәстүрге жасалған қиянат деп ғана түсінемін. "Беташар" сөзінің өзінде қаншама мән бар. Ал қазір жағдайым келмеді, тойды кейін жасаймыз деп араға 4-5 ай, тіпті жыл салып жасап жатқандардікі мүлде дұрыс емес. "Беташар" мен үйлену тойын бірге өткізуге мүлде келіспеймін. "Беташарды" келін босаға аттаған күні жасайды,жас келінді жұртқа таныстыру үшін. Қазіргі қарекеттері тек аста-төк шашылу мен бәсеке ғана. Беті ашылған келінге үйлену тойын жасамаса да ешкім өкпелемейді.
Бірде жақын құрбымыз тұрмыс құрып тойына бардық. Алыс-жақыннан жиналған ағайынға сәлем салып, иіліп тұрған құрбымызға қарай жас шамасындағы кішкентайының жылап ұмтылмасы бар ма? Енесі баланы қақпақайлап әуре. Сәбиі десе шығарда жаны бөлек құрбымыздың екі жағынан демеп тұрған абысыны ызбарлана сыбырлап "Әулетіңіздің үлкендері қалып,боқмұрындарына сәлем салам ба енді,мынау асабаға айтыңыз жылдамдатсын" дегенін құлағымыз шалып шошып кеттік. Қалайда елден қалмай той өткіземіз деп шабылған ағайын осылай дәстүрімізді аяқасты етті. Ал "елдің баласынан қай жерім кем?" деп кеуде кергенде алдына жан салмайтын жастарымыз мұны қалай түсініп жүр?
Айнагүл, 24 жаста.
Қостанай қаласының тұрғыны:
– Иә, менің тойым да беташарым да балам жастан асқасын болды. Жолдасым Астанаға барып жұмыс істеп,тойға пұл жинап келді. Кейін амалдап қайын енем несие алды. Ең алғаш алып қашып келген соң, "тойды кейін жасаймыз" деген соң келістік. Ұлымыз да өсті, ата-енем де міндетінен құтылды.
Дастан, 21 жаста.
Қостанай қаласының тұрғыны:
– Меніңше, қазіргідей қиын кезде, келінді әкелген күні, "Бет-ашар" жасап, кейін ақша жинап, тойға шашқанша үй алуға жұмсаған дұрыс сияқты. Адамдар қызық, айналдырған 7-8 сағаттық қызық үшін қарызға батады, сосын бәлен жыл пәтер жағалап қаңғырып жүреді.
Айта берсек,қазақ тойының кемшілігі өте көп. Батыстың әрекеті бойымызға дендеп енгені сонша, қазір әбден шатасып кеттік. Баласын жетектетіп, болмаса, айы-күні жеткен келінге иіліп сәлем салғызамыз. Сосын ортаға тортты әкеліп, торт асатамыз, одан кейін қазақша қоржын аштырып, той алаңын базарға айналдырамыз. Әйтеуір не керек, көр жерді тықпалап той сценарийін "дамытып жатырмыз, дамытып"…
Күнжан
Әбеу