Байланысшы бақыты

балтабек шокбутов1Ғұмырын   бір ғана салада еңбек етуге арнаған адамдар бүгінде саусақпен санарлықтай. Байланыс саласында 40 жылдай еңбек етіп,  бұл күнде  құрметті демалысқа шығып, ұрпақтарының көз қуанышы болып отырған  Балтабек Шоқбұтов осындай жандардың қатарынан.
 Бүгінде ел ішінде абырой-беделі бар сыйлы ақсақалдың жүріп өткен жолына қысқаша тоқталар болсақ, ол  1949 жылы қыркүйек айының  26-да Жанкелдин ауданының Аралбай ауы-лында қарапайым отбасында дүниеге келген.
1968 жылы аудан орталығындағы 1 жылдық  кәсіптік техникалық училищені бітіріп, елге келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын өз ауылында механизатор болып бастайды. Ол тұста ұжымшар төрағасы Жармақ Оспанов деген азамат болатын.  Сол жылы жас маманның табысты еңбегіне риза болған басшылары оны облыстық Кеңеске депутаттыққа ұсынады.
Одан кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып келеді.
Бастаған ісін аяғына дейін тындырмайынша тынбайтын ағамыз  1975  жылы Аралбай аудандық байланыс бөлімнің  басшысы болды. Осы қызметті 2012  жылға дейін  абыроймен атқарып,  құрмет демалысына шығады.
Еліне сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады."Қазақстанның құрметті байланысшысы" атағын алды. Бірнеше медальмен марапатталды.
– Қандай жағдайда болмасын хат-хабарсыз болмайды. Хат жазу деген қазіргі кезде ұмытылып барады. Әсіресе, жаңа жылдың қарсаңында тәулігіне бір жарым тонна құттықтау открыткалары жіберілетін. Қазір мүлдем азайды ғой. Дегенмен, негізінде хат-хабарды өз қолыңмен жазып, хабарласқаннан артық ештеңе жоқ, – дейді Балтабек аға бізбен әңгімелескенде.
Отбасында  1 ұл, 2 қызға берген тәлім-тәрбиенің арқасында болар, балалары  кісілікке кір шалдырмай, адам деген ардақты атқа дақ түсірмей келеді.  Соның арқасы шығар, көп жыл есепші болған  Гүлжиһан  жеңгей екеуі өсіріп тәрбиелеген балапандары бүгінде әр саланың білікті мамандары атанып жүр. Үлкен ұлы Серік жауапты қызмет-те болса, одан кейінгі қызы Бижамал әке жолын қуған. Кенжесі Гүлнар болашақ тіл маманы.
"Мен әрқашан байланыс саласының қызметкерлеріне халыққа мәдениеттілікпен, білімділікпен, өз қабілеттеріңмен, жақсылап қызмет етіңдер деп айтып отырамын" дейді отағасы.
Мешіт Ғазиз.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓