“Еңбегім – егеменді ел үшін”
Осындай атаумен Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Тұңғыш Президент күні қарсаңында кемелді болашақ үшін халықпен жұмыс жасап отырған мекеме қызметкерлерімен кездесу кеш өтті.
Кеш қонақтары – аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінің акушері С.Абдуалиева, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Н.Қосылбаева, халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы Ж.Үсенов өз мамандықтары туралы, әңгіме өрбітіп, сауалдарға жауап берді.
-Кездесу кешін ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – қатысушылардың мамандықтарына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттырып, жас ұрпаққа кәсіби бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ, маман иелерін еңбекқорлыққа, іздемпаздыққа, жаңашылдыққа тәрбиелеу, – дейді мәдениет үйінің қызметкері Сапура Әлібекова.
Кеш соңында мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндерді әуелетіп шырқады. Аталмыш мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина алтын уақыттарын бөліп, пікірлесіп, өз ойларын ортаға салған кеш қонақтарына алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы