Жортқанда жолдарың болсын
Күні кеше Қостанай облысының тұрғындары бокс және кикбоксинг бапкер Исмаилов Сәттібек пен жеке кәсіпкер Хусаинов Ерлан Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылынан «Бабалар ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қобда-Қарабау» экспедиция-жорығына аттанды. Қызбелде Өтей батырдың ұрпақтары бас қосып, ақсақалдар қос азаматқа баталарын беріп, батыр баба рухына құран бағыштады.
Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналып отыр. Экспедицияға шыққан қос азамат ХVІІІ ғасырда қалмақтардың шапқыншылығы кезінде Кіші жүздің руларына көмекке барған Өтей батыр басқарған Орта жүз батырларының жолымен жүріп өтетін болады. Аталмыш жорықтың қашықтықтығы Өтей батырдың кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Жанкелдин ауданы, Саға (Қызбел) ауылынан басталып, Ақтөбе облысы арқылы өтіп, Атырау облысының Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы, Орта жүздің Арғын тайпасынан шыққан Өтей батырдың қорымына дейін 1200 шақырымды құрайды. Осы шақырымды жаяу жүріп өтуді мақсат еткен қос азамат жол бойындағы елді мекендерге соғып, тұрғынадармен де кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Бабалар рухын қастерлеп оралған азаматтардың бұл ісінің негізгі мақсаты Тобыл мен Жайықты жайлаған елдің арасындағы ұрпақтардың рухани байланысы нығайтып, ішкі туризмді дамыту. Қостанай облысындағы бір топ меценаттардың қолдауымен Өтей батыр қорымын туристік аймаққа айналдырып, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстары арасындағы рухани байланысты берік етіп, батыр баба есімін, ел аузында жүрген ерлігін таныта отырып, рухани байлығымызды кемелдей түсу.
Аталмыш шараға «Милх – Новый день» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Блок С.И.) демеушілік етіп, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдауда. Аталмыш шараға «Қостанай таңы» газеті де ақпараттық қолдау көрсетіп отырғанын айта кету керек.
Алдағы уақытта экспедициялық жорыққа аттанған қос азаматпен байланыс орнатып, қызықты деректермен бөлісіп, ақпарат беріп отыратын боламыз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.