Грантқа әркімнің-ақ таласы бар

23-31 шілде аралығында  еліміздегі жоғары оқу орындары республикалық білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін  талапкерлерден өтініштерді қабылдайды.
IMG_0833nnБіз республикалық білім беру грантын  беруге  арналған конкурсқа қатысу үшін  талапкерлерден  өтініштерді  қабылдап   жатқан жоғары  оқу орындарының бірі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына барып, қабылдау комиссиясының төрайымына жолыққан едік. Институтқа келгенімізде тамшылай бастаған жауынға қарамастан құжат тапсырғалы тұрған талапкерлерді көрдік, ата-аналары да қасында.
– Құжат тапсырамын деген талапкерлердің қарасы бүгін өте көп екен, күнде осылай ма, әлде бүгін ғана ма? – деп  қабылдау комиссиясының төрайымына сұрақ қойдық.
– Талапкерлеріміз осы бірінші күні құжаттарымызды тапсырсақ, бірден білім грантына ілігіп, ие болып кетеміз деп ойлайды, – деді  күліп қабылдау комиссиясының төрайымы Надежда  Огиенко.
–  Енді биылғы  жылы талапкерлерден құжаттарды қабылдау ережесінде ешқандай өзгешелік жоқ. Бұрынғысынша.  Жалпы мемлекет тарапынан  2014-2015 оқу жылдарына отыз төрт мыңнан аса білім беру гранты бөлініп отыр. Оның ішінде педагогикалық, техникалық мамандықтарға  бөлінген білім гранттарының саны көп. Еліміздегі педагогикалық  институтарға бөлінген мақсатты білім гранты да бар. Өткен жылы институтымызға үш жүз сегіз білім гранты бөлінді.
Талапкерлеріміз  биология, физика, математика секілді пәндерді таңдағандықтан сол мамандық бойынша құжат тапсыру үстінде. Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, туризм, педагогика және психология, дене тәрбиесі, информатика, шет тілдері мамандықтары бойынша білім гранттары көп. Сонымен бірге екі "Алтын белгі" алған оқушы да құжат тапсырып жатыр. Талапкерлер үшін барлық жағдайды жасап отырмыз,– деді қабылдау комиссиясының төрайымы.
Рас, талапкерлеріміз үшін  білім беру грантына ие болу да үлкен сынақ болары анық. "Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар" дегендей бірі грантқа ілігіп, екіншісі ілікпей қалса, ол да бір үміт пен өкініш. Талапкерлеріміз мемлекет тарапынан бөлінентін білім  беруге арналған конкурс-қа қатысу үшін кемінде – 50, ал "Жалпы медицина" мамандығы бойынша – 55 балл жинауы, соның ішінде бейіндік пәннен – 7 балл (әрбір шығармашылық емтиханнан – 10), ал қалған пәндерден – кемінде 4 балл жинауы қажетті. Осы арада айта кеткеніміз жөн, шектік өту балын немесе бейіндік пәннен (7 балл) болмаса қалған пәндерден (4 балл) ең төменгі баллды жинай алмаған талапкерлер ЖОО-лар-ға мемлекеттік тапсырыс бойынша да, ақылы негіз бойынша да қабылданбайды. Бұрнағы жылдардай емес, қазір білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш беру кезінде таңдау бойынша пәні сәйкес келген жағдайда  талапкерле-рімізге төрт мамандық (шығармашылық мамандықтардан  басқасы) пен төрт ЖОО-ны көрсетуге мүмкіндік беріліп отыр.
 
Гүлназым  Сағитова
Суретте: құжат тапсыру сәтінен көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓