ШАЛҒАЙДАҒЫ ШЫРАЙЛЫ АУЫЛ

Қарынсалды ауылы облыс орталығынан 500 шақырымдай қашық жатыр. Басты кәсіп көзі – егін және мал шаруашылығы. Бүгінде шағын ауылдың жағымды жаңалығы көп. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, туған жерінің көркеюіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Ауылдың жай-күйі туралы ауыл әкімі Салтанат Ембергеновадан сұрап-білген едік.
аким
– Салтанат Сәрсенқызы, Қарынсалды Аманкелді ауданындағы әлеуеті мықты ауылдардың бірі болған деседі. Әсіресе, егін шаруашылығының үлесі басым. Ал қазіргі Қарынсалдының қоғамдық – саяси жағдайы қалай?
– 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс атқарып келемін. Оған дейін бас маман қызметінде болдым. Ауылдық округ құрамына Қарынсалды, Горняк ауылдары кіреді. Қоғамдық-саяси ахуалымыз тұрақты. Рас, сонау тоқсаныншы жылдары халық сырт жаққа көшіп кетті. Ол енді күнкөрістің қамы болса керек. Кезінде облыс бойынша алдыңғы қатарлы ауыл болған. Дегенмен, қазірдің өзінде көрсеткіштеріміз жаман емес. Жалпы, кез келген ауылдың тірегі ауыл шаруашылығы ғой. Шағын ғана ауыл болсақ та, шаруамызды дөңгелентіп келеміз. Былтырғы көрсеткішті алсақ, ауылдық округ тұрғындарының жұмысқа жарамдысы – 126, оның ішінде 52 адам тұрақты жұмыста. 41 мектеп оқушысы болса, мектепке дейінгі жастағы бала саны – 33. 2018 жылы 7 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта жұмыс іздеушілердің тіркеуінде тұрған адам жоқ. Тұрғындар байланыс жүйесімен қамтамасыз етілген. 20 нүктелік телефон қондырғысы бар. «Қазақтелеком» АҚ ауылда электр жарығы болмай қалған жағдайда, байланысты қамтамасыз ету үшін бензинмен жұмыс істейтін арнайы қондырғы орнатты. Бұл ауылымыз үшін үлкен көмек. Бірлігі берік, ынтымағы жарасқан ауылда түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Әр мереке сайын бас қосып, бірлігімізді нығайта түсетін шараларға мұрындық болып жүрміз.
– Иә, солардың бірі – Наурыз тойын дүркіретіп өткіздіңіздер. Газет тілшілері бұл мерекені сіздермен бірге қарсы алды. Сонда да, тұрғындардың шағымы бар шығар? Азаматтарға қызмет көрсетудің тетіктері қандай?
– Біздің тұрғындар шағымнан гөрі ұсыныстарымен жиі келеді. Олардың дені тұрмыстағы шаруаларға байланысты. 2018 жылы ауылдық округ әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағымдар түскен жоқ. Тағы сол статистикаға сүйенсек, 30 мемлекеттік қызмет көрсеттік, оның ішінде 1 қызмет ХҚКО арқылы көрсетілді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің уақытын барынша сақтауға тырысамыз. Әрине, кез келген ауылда проблема бар. Біздегі күн тәртібінен түспей тұрған жол мәселесі кешенді түрде, уақытылы шешімін табады деп ойлаймын. Ал қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жолында іс-шаралар қалыпты атқарылуда. Бір жалпы білім беретін негізгі орта мектеп, медициналық пункт, ветеринарлық бөлімше және кітапхана жұмыс істейді.
29063335_208022016598303_7111166666108567552_n
– Ауылдағы мәдени-бұқаралық іс-шаралардың ұйымдастырылуына тоқталып өтсеңіз…
– Мәдени шаралар мектепте және орталық алаңда жиі өтеді. Іс-шаралар мектеп ұжымымен бірігіп жүргізіледі. Бұл салада биіктерге жетіп жүрген дарынды жастарымыз да жетерлік. Ережесіз жекпе-жектен Еуропа чемпионы Эдуард Кексель мен облысқа есімі белгілі еріктілер көшбасшысы Аружан Ембергенова – біздің жерлестеріміз. Негізі ауыл жастары спортпен тұрақты түрде айналысады. Аудандық спорттық  жарыстардан үнемі жеңіл атлетикадан жүлделі орындарға ие болып жүр. Мектепте үстел теннисі, тоғыз құмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Қыста балалар үшін жергілікті кәсіпкерлер мұз айдынын істеп, коньки тебуіне қолайлы жағдай жасайды. Алдағы уақытта округте арнайы спорт алаңын ашу, және жабық спорт залын салу, спорт құралдарын жаңарту жоспарлануда.
Ауылдық округте 1 кітапханашы жұмыс істейді. Кітапханада 3255 кітап қоры, жылына 150 (сырттан келушілермен есепке алғанда) оқырман тіркелген. Кітапханада даталы күндерге көптеген мерекелік іс-шаралар жүргізіледі. Балалармен арнайы жұмыстар үнемі ұйымдастырылады.
IMG_0013
– Сөз жоқ, Қарынсалды астығымен мақтанады. Былтырғы көрсеткіш, биылғы жоспар қандай?
– Ауылдық округ бойынша барлық ауылшаруашылық жерінің көлемі – 833387 гектар, 271 гектар шабындық жер, болса жайылымның үлесі – 7187 гектар. 71698 гектарға дән себіледі. Ауылдың ауданның ауыл шаруашылығындағы үлесі – 66 пайыз, оның ішінде егістік алқабы бойынша 54,8 пайыз, мал шаруашылығы бойынша 12 пайызды құрайды. Бізде 1 ЖШС, 38 шаруа қожалығы, 1 жеке кәсіпкер тіркелген. Шабындық жерлерді уақытылы шауып жинап алу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. 2017-2018 жылғы қыс айларына 4430 тонна шөп қоры дайындалды. Егін шаруалығына оралсақ, 2018 жылы шығымдылық әр гектардан 8,1 центнерден айналған. Диқандар егін орағы әлі басталмаса да тәп-тәуір табыс әкелетініне сенімді. Өйткені былтыр олар барлығы 56900 тонна өнім жинады. Ауылдық округ көлеміндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестік 16053 гектар жерге дәнді дақыл егіп, шығымдылығы әр гектардан 8,6 ц айналды. Жалпы ауылдық округ бойынша 87751 гектар алқапқа дәнді дақыл егіліп, 70700 тонна өнім алынды. 200 гектар жерге көпжылдық, 550 гектарға бір жылдық шөп егілді. 2018 жылы 8590 гектар жерге егіс алды өңдеу жұмыстары жасалып, 52408 гектар жер арам шөптерге қарсы гербицидтермен өңделді. Гербицидтер арамшөптерді жою үшін қолданылатын химиялық қосылыстар болғандықтан, егіс алқаптарына зиян келтірмейді. Олардың құнын арзандату үшін былтыр 12 млн 351 мың теңгенің субсидиясы төленді.
14184387_1088156464603783_573596756750698969_n
– 2018 жылы Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысында дақыл түрлерін әртараптандыру, тұқым шаруашылығының жаңа жүйесін енгізу мәселесі сөз етілді. Осы бағытта атқарылатын жұмыстары ауыл шаруашылығы техникаларына байланысты екені сөзсіз. Техника паркі жаңарды ма?
– Ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жыл сайын толықтырылуда. Егінді уақытылы егіп, шыққан өнімді дер кезінде жинап алуда техниканың атқаратын рөлі аса маңызды. Бұл тұрғыда біздің шаруалар олқылықтарға жол бермейді. Мәселен, «Жанбуршин Б» шаруа қожалығы АVA 2525 дән бүріккішін сатып алды. Аталған құрылғы заманауи талаптарға барынша жауап береді. Сонымен қатар  «Шайхин» шаруа қожалығы «Беларусь 892» тракторын, Vector 410 kz, «Essil 740» комбайнын алды. Ал «ЖААН 2» шаруа қожалығы бір тұқым сепкіш алып, шаруасын алға жылжытуда. Ауыл шаруашылығы жерлерін өңдеп, қазіргі заманғы жаңа технологияларды тиімді қолдануының арқасында, ауа райы аса қолайлы болмағанның өзінде, өткен жылы диқандарымыз жақсы өнімге қол жеткізді. Биыл да қар көп түсті, жақсы өнім болады деген үміт бар.
23434989_156126085121230_5534987932905571494_n
– Ауылдың гүлденуі – елдің дамуы. Сондықтан, реформалар мен бағдарламалар ауыл халқының еңсе тіктеуіне бағытталып жатады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың игілігін ауыл тұрғындары қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Мал шаруашылығының жай-күйі қалай?
– Қарынсалды ауылдық округінің басты табыс көзі егін шаруашылығы болғанымен, төрт түліктің қамын жасайтындар жетерлік. Әрине, егер мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық пен қолдаулар болмаса, жеңілдіктер мен көмектер жасалмаса, шағын ауылдың шаруасын тиімді жүргізу қиынға түсер еді. Түсінген адамға қазіргі күні мемлекетіміздің тарапынан жасалынып жатқан қамқорлық, жеңілдіктер аз емес. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жеке тұлғалардың кәсіпкерлікпен айналысуы – округ әкімдігінің алдына қойған басты мақсаттардың бірі. Жоспар бойынша алдағы уақыттарда жаңа жұмыс орындарының ашылу болжамы жасалды. Шүкір, ауылымызды өркендету жолында жеке кәсіпкерлердің көмегі көп. Облысқа белгілі «Нәмен» шаруа қожалығы ауылдың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Мәселен, жыл сайын мектептің қоғамдық-саяси жағдайынан қалыс қалмайды. Оқушылардың ас-ауқаты да осы шаруашылықтың қолында. 2009 жылы ауылдық округ бойынша «Алимжан-2» шаруа қожалығы ашылды. Бұл шаруашылық мал басын өсіру және егінмен айналысуды бастамақ. Жақында олар мемлекеттік бағдарлама арқылы асыл тұқымды ІҚМ сатып алуды жоспарлап отыр. Бұған дейін де «Алтын асық» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламары арқылы мал сатып алып, өңірдің мал шаруашылығын ілгерілетуге атсалысты. «Виктор» ШҚ, «Шайхин» ШҚ, «Жанбуршин-Б» шаруашылықтары да әр жылы асыл тұқымды бұқалар сатып алып, мал басын асылдандыруға сеп болды. 2017 жылы «Санжар»  шаруа қожалығы мемлекеттік  бағдарламаға қатысып, 1 000 000 теңгеге 3 бас ірі қара мал сатып әкелді. Шаруашылықтың мақсаты – бордақылау алаңын ашу. Серікбай Оразаев, Уәлихан Мурзин, Шәймерден Ибраев, Айдархан Қаржауов, Жандос Нәменов, Өмірзақ Ілиясов, Жангелді Дүйсекеев сияқты жетістігі мол кәсіпкерлерді атап өту қажет. Осы кісілердің арқасында ауылдың қоғамдық-мәдени жұмыстары азайған емес. Тағы да атап өту керек, инвестициялық жоба бойынша Берік Тілеубаев көлемі 125,21 шаршы метр болатын екі басты 1 тұрғын үй құрылысын, көлемі 70,11 шаршы метр болатын 1 астық қоймасын, 1 монша құрылысын және мал базасын салды. Бұл да біздің ауылдық айтулы жетістігі.
Жалпы, өткен жылы жеке тұрғындардың ұсақ малдары мен ірі қара малдарын екі бақташы шығып, қараша айына дейін бақты. Жеке шаруашылықтардың өз бақташылары бар, осының арқасында мал ұрлығы болған жоқ.   
36817678_269641463769691_1907198790637453312_n 14142054_1088156864603743_798419580353769861_n
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓