Қостанайлықтар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды (фоторепортаж)
Негізінен, Жеңіс саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі сағат 11:00-ге жоспарланған. Алайда, жұртшылық таңғы 9-дан бастап саябақ маңына жинала бастады.
Белгіленген уақыт таяғанда Алексей Губенко жетекшілік ететін оркестрдың әуені естіліп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шеруді шенеуніктер бастап, ардагерлер мен кадеттер қостаған, соңын батырлардың суретін көтерген қалың жұртышылық түйіндейді.
Шеру Тәуелсіз солдатқа арналған ескерткіштің алдына келіп тоқтады. Сағат тура 11:00-де бір минут үнсіздік орнап, майданда қаза тапқандарды еске алды. Бұл сәтте тынымсыз ойнап-күлген балалар да тынышталып, үлкендердің көңілі босап, көздеріне жас алды.
Үнсіздіктен кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков гүл шоқтарын қойды. Содан соң Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов пен Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенов тағзым етіп, гүл толы қоржынды ескерткіш алдына қалдырды. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков гүл шоқтарын қойды.
Саябақ іші әскери қалашыққа ұсқатып безендірілген. Майданда қолданылған қару-жарақтар мен атқыш зеңбіректер қатар тізіліп тұр. Жауынгерлер күнелткен шатыр тұрғызылып, әскери түстік ас таратылды. Қостанайлықтар жасыл шөп үстіне дастарқан жайып, таза ауада қыдырды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ