Шебер
Мұхамбетқали Рахалиев – “Қостанай таңы” газетімен қоян-қолтық араласып, тұщымды мақалаларымен, өзекті тақырыптағы карикатураларымен танылып жүрген азамат. Онысымен қоса, ағаштан түйін түйген шебер. Шебер жақында Дубайда өткен көрмеден оралды. Қырық күн бойы шет елде болып келген шеберді арнайы іздеп барған едік.
Шебер қала сыртында тұрады екен. Өзінің пысықтығының арқасында жер алып алыпты. Сол жерге шағын ғана шеберхана салған. Өзі қалада тұрса да шығармашылықпен емін еркін айналысатын, өзімен өзі болып, бар жан дүниесін түгелімен өнеріне арнайтын жері де осы. Шынымен де қаланың шу тірлігінен ада, жайлы жер. Тобыл өзені де тиіп тұр.
–Аға, мына жер қолөнер адамына таптырмайтын тамаша жер екен, – деп қаладан келген біздер шулап жатырмыз.
–Ой, кезінде оны алудың өзі бір “жыр” болған. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Мен үшін бұйырған олжа бұл. Осы жерде ойыма келген дүниелерімде жүзеге асырып, шығармашылықпен айналысамын. Табиғаты қандай тамаша. Таза ауа, тыныштық. Жұмысқа тым беріліп кетсем осында түнеп те қаламын. Керектінің бәрін жасап қойғанмын, – деп біздерді ерекше ілтипатпен қарсы алған ағамыз ішке бастады.
Шағын ғана шеберхана. Бірнеше бөлмеге бөлінген. Жағалай жонылған, кептіруге қойылған ағаштар, қаз-қатар тізілген үйеңкі бөренелері де тұр. Сөйтсек бұл таптырмайтын байлық екен. “Мұны арнайы тапсырыспен Ресейден алдырдым” деп таныстырып жатыр. Шебердің қолынан шыққан дүниелер самсап жатыр. Өзінің авторлық мүсіні, әжесінің бейнесі, қазақы қуыршақтар, ожаулар… Не керек бұл жерде одан да бөлек бізге таныс емес заттар көп.
Келесі бір бөлменің іші тұнған ағаштың ұшқындары. Шаң-тозаң. Домбыралар жасалу үстінде. Бірнешеуі жатыр. “Домбыраларды тапсырыспен жасаймын. Бірақ бұлар әлі “шикі”. Ағашпен жұмыс істегенде бұл жер көз көрінбейтін шаң болып кетеді. Сонда да өзім тек осы жерден рахат аламын. Келешекке жоспар көп. Қолыма қомақты қаражат тиіп жатса кең етіп шеберханамды жаңартып алсам ба деп жүрмін” деп ақталып қояды ағамыз.
Шынымен де нағыз шеберхана екен бұл жер. Фотосуретші Айбек те сатырлатып суретке түсіріп әуре. Ананы бір, мынаны бір шұқылап, таңырқап жүрміз. Ал Мұхамедқали ағамызға бәрі ыстық. Жағалай ілінген әр заттың өз тарихы, өз жолы бар дейді. Басы артық мұнда ештеңе жоқ.
Жазу үстелінің басына жайғасып, негізгі әңгімемізге көштік.
–Аға, өнеріңізді ту етіп, шет елге барып қайтқан екенсіз. Не көрдіңіз, не түйдіңіз. Көрген-білгеніңізбен бөлісе отырыңыз.
–Биылғы жаңа жылды шет елде қарсы алдым. Қазақстаннан бірнеше өнер адамы қырық күнге Дубайға тегін аттанған болатын. Қостанай облысынан екі адам барып келдік. Бұл Араб елінің ұлы шейхының артында қалған ұрпақтарының жүзеге асырып жатқан істері. Шейхтың өзі дүниеден өткен соң ұрпақтары жылына бір рет қырық күн бойы өз елінде көрме жасайды. Шақырылған қонақтар үшін бәрі тегін. Тек әр ел өз өнерін, қолөнерін ала келіп, көрмеге осы күндер ішінде көрсетсе болғаны. Негізгі ойлары осы қырық күндік мейрамдарында халқын демалдыру. Түске дейін біздер демаламыз. Қыдырамыз, аралаймыз, танысамыз. Ал түстен кейін көрмеге қатысамыз. Қала шетінде орналасқан. Бұл шара екінші жыл ұйымдастырылып келеді. Бірінші мақсат – халқын демалдыру болса, екінші мақсаты – тәжірибе алмастыру, үшіншісі – мұсылман халықтарын бір-бірімен араластыру. Барған 17 елдің қонақтарын барлық шығынын өздері көтереді. Ал әр елден 40-50 адам келді. Әр адамға 25-30 мың доллардан төлеген.
Барғанымыздың бәріміз де Араб елінің мәдениетіне таңырқадық. Қарап отырсаңыз ол елде аппақ құммен ащы судан басқа қызығарлық ештеңе жоқ. Бірақ сол жерге адам таң қалатын жұмақ қала жасап қойған. Оларда жай дүние болмайды-ау деймін. Әр құрылыс биік талғаммен, шебер архитектурамен салынған. Таң қаласың. Ең қызығы халқы шариғатпен ғана өмір сүреді. Әлеуметтік жағдайы да керемет. Жұмыс істейтіндері өз алдына, еш жұмысың болмаса арнаулы әлеуметтік пакет тағайындалған. Ең бірінші халқына жағдай жасап қойған. Өздері еш жұмыс істемейді. Бәрін істеп жатқандар шет елдік азаматтар. Мені имандылықтары таң қалдырды. Оларда ұрыссып, айқайлау деген мүлде жоқ. Тек сөзбен ғана, баппен бар мәселені шешіп береді. Рұқсатсыз суретке түсіруге болмайды. Тәртіп деген керемет. Мені таңқалдырғаны екі дүние болды. Біріншісі – имандылық болса, екіншісі – архитектура.
Біз жаңа жылда болдық, олар жаңа жылға да аса мән бермейді екен. Қырық күнде бір шоқалақ жол көрмедім. Ұрпақтарына туа салсымен бірден шот ашылып, барлықты жағдайды жасайды. Ал егер қылмыс жасасаң заңдары өте қатаң. Ұрлық деген жоқ. Әр затымыз өз орнында тұрды. Тып-тыныш өмірге куә болып келдік.
–Басты талабы не болды? Сіз не апардыңыз, бұл сапарға қанша уақыт дайындалдыңыз?
–Бір айдан артық дайындалдым. Ағаштан жасалған қазақы мүсіндер, Томиристің мүсінін, домбыра, қобыз апардым. Біздің елдің өнері ешкмінен кем болмады. Ең көзге түскені биші қыздарымыздың өнері. Шымкент ақаласынан келген бишілерге, біздің музыкаға ерекше қызықты. Бишілеріміз шыққанда бәрі сол жерге жиналып қалады. Бәрі суретке түсіп жатты. Оларда өнер өте дамымаған екен. Олардың көрмесінен кәдімгі біздің қол дирменді көрдім. Бізде бар затты осы жақтан көремін деп ойламаппын. Мүмкін солардан келді ме екен біздің елге… Олар көрмеден көрген затқа бас салып, қызығып, сатып ала бермейді. Жай демалыс ретінде қабылдайды. Ер адамдар аппақ, әйелдері қап-қара болып жабынып алады. Бір қызығы егделеу әйелдер мұрты бар маска кіип алад екен. Бұл жасының үлкендігін білдірсе керек. Бұл енді адами қызығушылық, көңілге түйгендерім ғой. Негізі мұндай көрмелер өнер адамына керек. Өзге елдің тұрмысын көріп шыны керек қызықтық. Шын мәнісінде рухани дамып, байып келдік.
Р.S. Шынымен де, шебердің өзге елден алып келген рухани лебі бар. Алдағы күнге қойған жоспары да көп. Енді қала сыртындағы мына шеберханада әлі талай тың дүниелер дүниеге келіп, қуанта беретін сияқты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА