«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті
2016 жылғы 26 қаңтар күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы А.Есімовтың төрағалығымен Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өткізілді.
Қоғамдық кеңес құрамына қазақстандық және халықаралық деңгейдегі белгілі қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, ғалымдар, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер мен саясаткерлер кіреді.
Кеңес мақсаты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізудегі маңызды мәселелерді талқылау болып табылады.
«Біздің көрменің басты мақсаты – әлімнің ең үздік технологияларын осында жинақтау. Күні кеше ғана біз ең үздік технологиялар аймағына халықаралық байқау жарияладық. Жобаға деген үлкен қызығушылықты байқап та отырмыз. Нью-Йоркте болған БҰҰ Бас Ассамблеясында Елбасы әлемдік қауымдастыққа көрме яақталысымен оның базасында «жасыл технологияларды» дамыту бойынша дүниежүзілік хаб құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Әрі бұл идеяны жүзеге асыру мейлінше мүмкін. Сондықтан осы тақырыпты Қоғамдық кеңесте талқылауды ұсынып отырмын. Қоғамдық кеңес Қазақстанға берері көп көрмені барынша тиімді пайдалануға қатысты ұсынымдар мен идеяларды талқылап, ұсынуы қажет. Сондықтан біздің Қоғамдық кеңес құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер мен саясаткерлер кіреді» – деді өз сөзінде ұлттық компания басшысы А.Есімов.Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында Қазақстанды әлемдегі баламалы энергетиканы дамытудағы Халықаралық хабы ретінде қарастыру, «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша Орталықты» ашуға қатысты ЭКСПО-ны негіз деп қабылдау мәселелері талқыланды.
«Біз Еуразияның түйісінде отырмыз. Менің ойымша осында энергетика саласындағы ең үздік технологияларды жинақтауға болады. Бұл ретте, Қазақстанның әлемде баламалы энергетиканы дамытуда Халықаралық хабы бола алатындай мүмкіндігі орасан», – деді «Raimbek Group» компаниялар холдингінің Директорлар кеңесінің Төрағасы баталов Райымбек.
Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» Қоғамдық кеңесінің Төрағасы болып Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов сайланып, кеңестің 2016 жылға жұмыс жоспары бекітілді.
«Қоғамдық кеңестің құрылуы өте маңызды. Біз осы алаңда тиімді әрі ашық жұмыс істейтін боламыз. Үкімет және басқа да органдарға сапалы ұсыныстар жасау жоспарда бар», – деді «Жасыл экономика» және G-Global дамуы үшін Коалициясының Төрайымы Айгүл Соловьева.
Кеңестің әрбір отырысында ЭКСПО-ға қатысты тақырыптарды сарапқа салып, түрлі органдарға ұсынымдар әзірленеді.