Майдангерлер мүсіні менмұндалайды
Ұлы Жеңісті думандатар күн таяп келеді. Азасы мен қуанышы бірдей бұл той биыл 74-ші рет атап өтілмек. Қостанайлықтар қазірден-ақ қауырт қамданыс үстінде. "Жеңіс" саябағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті демалыс орынының өңі өзгеріп, сәні мен мәні арта түспекші. Нақтылай айтқанда, от пен оқтың ортасына аттанып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қостанайлық майдангерлердің бюсті орнатылып жатыр. Мүсіншілер олардың көбінің кескін-келбетін көнерген фотосуреттеріне қарап келістіруде. Жерлес жауынгерлердің құрметіне арналған ескерткіштер қоладан құйылған.
"Майдангерлер бюстін орнату – аймақ басшысының бастамасы. Ол "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осы идеяны іске асыруды тапсырды. Ал бұл жұмыстармен Нұр-Сұлтан қаласының "Балқыту" мердігер ұйымы айналысып жатыр. Тұғырлы мүсіндер 9 мамырға дейін толық аяқталады. Сондай-ақ, тас төсемелер де жаңартылу барысында. Жалпы айтқанда, бұлардың бәрі мерейлі мерекеге жетпей даяр болады. Айта кету керек, бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінген", – дейді Қостанай қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қанат Нұралин.
Әзірге, мүсіндер целлофанмен қаптаулы тұр, сондай-ақ жауынгерлердің аттары да жазылмаған. Қай ескерткіштің кімдікі екенін жұртшылық мереке кезінде танып-біле алады.
Суреттерді түсіргендер – Бердіболат Көркембаев, Бағдат Ахметбеков