Кубок кімге бұйырды?
Әзіл әлемін айрықша бағалайтын жанкүйерлер үшін "Достар" облыстық көңілді тапқырлар клубы лигасының фестивалі өтті. Маусымның ашылуына Қостанай облысының қалалары мен аудандарының орта білім беретін мекемелерінің, жоғары оқу орындарының, сондай-ақ облыстың жұмыс істейтін жастарының КТК командалары қатысты."Достар" КТК лигасының ойындары 7 жыл бойы өткізіліп келеді. Осы маусымда фестивальге облысымыздағы барлық өңірден 20-дан астам команда қатысты. Биыл КТК Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі дирекциясының «Саналы ұрпақ-2050» қоғамдық қоры «Қостанай облысының КТК қозғалысын дамыту және тарату» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырып отыр.
Аталмыш ойын түрі бүгiнде жастар арасында қарқынды дамып келеді. Сахна мәдениетi мен шеберлiгi, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы, ән мен би, мимика сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжың шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетедi. Бұл жастардың қоғамдық пiкiр қалыптастырып, заманмен қатар даму арқылы өмiрде өз орнын дұрыс таба бiлуге баулиды. Жайдарман ойындары республика бойынша ғана емес, аудан мен ауылдарда да дамып келеді. Әр команданың өзіндік стилі қалыптасқан.
Маусымда Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамасы, "DENDY" (ҚМУ), "Мейірімді адамдар", "Жастар құрамасы" (Қостанай), "Аңыз бюросы" (ҚМПУ) командалары маусымға жолдама алды. Ал Қостанай ауданының құрамасы және "Починки" командалары фестиваль кубогінің иегері атанды.
Әсел ҚИБАШ