Құрдым (Әңгіме)
Оның бүгін тағы көңіл-қошы болмады. Алпыстың асуынан асып, зейнетке шыққаны көңілге медеу. Жападан-жал-ғыз, тымырсық, сызды жер үйде тұрғалы ешкім бұған "Ау, қалайсың?!" деп бас сұғып көрген емес. Аядай ғана, 40-50 үйден аспайтын ауыл-үйдің өздерінің де араларында ки-кілжіңдері болып тұратын. Бұның жалғыздығына қарап мүсіркей ме, әлде басқа да әркімнің ішкі есебі бар ма, әйтеуір, қысқы соғым, той-томалақтан қалдырмайды. Кейде бұл "ұрттап" алған кезде, шақырмаған жерге тосыннан жетіп баруды әдет қып алды.
Әйнегін шаң-тозаң басқан, әктелмеген үйде тірі жан тұрғандай нышан да байқалмайды. Еденнің мөрі құм-топырақтан көргісіз. Ауыл арасында "Қырсық Құтпан", "Ішкіш Құтпан", орманнан ағаш ұрлап сатып, ақшасын араққа жұмсар деген лақабы баяғыдан бар.
Басы зеңіп барады. Кереуеттің бас жағында кешегі күннен қалған бос бөтелкелерде бірде-бір тамшы қалмапты. Киімшең түрегелді. Үстіндегі пенжегін ауыстырмағалы қашан. Ұйықтаса да сол, көше кезсе де сол. Ащы судың арбауына түскелі ел қатарлы жүріп-тұрып, ас-ауқат ішіп, таза жүруді қойған. Қараңғы үйдегі пештің маздап жанбағанына да біраз уақыт болған. Бірақ Құтпан бұл тірлігіне жата-жастана бойы үйреніп те кеткен. Жұрт алдында дабырлап сөйлемей, бар үнін ішіне бүге отыратын ол, бір-екі шөлмекті тың-қита тастағаннан кейін жаны кіргендей болатын. Ол арақты сол үшін сүйеді. Мөлтілдеп тұрғанда шімірікпестен жұтып жібергенде ішіне бір қызу енгендей болады да, бара-бара мүлде бөтен кісіге айналасың.
Ойына кешегі отырыс түсті: "Сейтқали кеше не деп еді?… Өзі ішіп алса, аузына келгенді көки беретін неме екен. Мылжың қатындарша өміріне мұң шағып, менің алдымда көзінің жасын сығып алды. Ер басың ез қылып маған ергені ме?… Мен құрдымға кеткен адаммын… Өзінің төрт құбыласы түгел. Әйелі, қызы бар. Қой дер қожа болмағасын есіре береді де, ан-тұрған!… Менің үмітсіз, қараңғы өмірім оның сүріп жатқан дәуреніне тең келер ме?!…"
Жанының жайқалған, бір кездері шуақ болып төгіліп тұратын нұрын бұл арақпен ішіп, сарқып тастады емес пе? Қазір оның орнында тек қана қара құрдым сызат береді. Жас кезінде жолдастарының кеу- кеулеп: "Құтпан алып қойшы, қане, мықты едің ғой?!" дегеніне масаттанып іше беріпті. Осылай мақтанға салынып, өзінің жарты өмірінің өтіп кеткенін де байқамай, томпая мазар боп қалуға аз-ақ қалыпты. Тіпті, мазар болу да бұйырмай ма деп қорқады.
Күс-күс қолымен ол іскен бетін уқалап жіберді де сыртқа шықты. Қар ұшқындапты. Бұның жас кезіндегідей емес, қыс келуін кешуілдетіп жатыр. Қаңтардың қатқан аязы ызғарлата соққанда қойнына суық әбжылан кіргендей болады. Жер де суыққа шыдамай шатынап, жарылып кетіпті. Орталықтағы дүкеннен шөлмегін қойнына тыға бүрсеңдеп келе жатқанда ылғи да осы шытынап араларына сызат түскен қара жерге үңілетін. Өзінің де жаны осылай сызаттанып, қара жер кейпіне түсіп, сызаттанып жатқанын қайдан білсін бұл. Тек кей-кейде өмірінің рақымсыздығына, тағдырының қаталдығына тәңірін кінәлап, іштей күмілжіп қоятын.
Жолда тағы Сейтқұл кездесті. Оның да бет-аузы күлдіреп ісіп, біртүрлі ұсқынсыз кейіпке еніпті. Құтпан бұл түрін көріп, еріксіз мырс етті. Түні бойы қазан-ошағының берекесін кетіріп, шаңырағын шайқалтып, әйелі мен қызының жүрегін шайлықтырып, үріккен қояндай бір бұрышқа тықсыратын ол Құтпанның алдына келгенде біртүрлі жуаси қалатын. Сейтқали шалбарының қалтасынан басы қылтиып, көрініп тұрған шөлмегін қолына алып: "Аға, бір демалайықшы, басым безілдеп әкетіп барады…" деп ым қақты. Әзәзілдей азғырып, ағараңдап тұрған ақ арақтың буына Құтпан еріксіз көргендей болды.
Бір шөлмекті місе тұтпай, Сейтқали тағы бірнешеуін әкелді. Жуан қырлы стақанды өзінің ебедейсіз саусақтарымен қармап, аузына құйып болып, бір жөткірінде де:
– Аға деймін-ау, сіз маған реңжімеңіз. Мен сізді үлкен деп сыйлаймын. Көпті көрген деп сізден ақыл сұрау үшін келемін – деп қызара бөртті. – Сіз мені жап-жас болып елпектеп жүретін желөкпе ақымақ деп ойлайтын шығарсыз… Тссс… Бұныңыз қате! Үйдегі келініңіз маған: "Ит боп қаңғырып, осы арақтан өлерсің бір күні!" деп ит терісін басыма қаптайды. Мен ондайға көнбек емеспін. Туғалы бері маған, Сейтқалиға, ешкім де дауыс көтеріп көрген емес! – деп Сейтқали еліріп, қолын кеудесіне соғып-соғып алды. Құтпан оны тыңдағанымен, көңілі басқа жақта еді. Бұның лепірме сөздерін ұққысы да келмеді. Көз алдында көлтілдеп, тұнып тұрған ақ арақты ғана байқады. Жәймен тыңдағандай боп, бет-жүзі балбырап,өз ойымен өзі әлек.
Бұл ауылға келгелі қанша жыл боп еді? Есінде жоқ. Әйтеуір, жас еді. Бойында күш-қуаты тасыған, нарттай қызыл, қызулы жігіт еді. Қаладағы жетімдер үйінен осы ауылдағы шаруашылыққа жолдама ал-ғанда көңілі біртүрлі қобалжығандай болған. Әсіресе, бұйра шашты, көзі тұңғиық көк те-ңіздей мөлдіреген Ленаны қимап еді. Соғыста ата-анасы, туыс-туғаны жоқ тұлдыр жетім-дерді сол бір қоңыр қабырғалы көне ғимарат табыстырып, бір үйдің бауырларындай қып өсірген еді. Есінде, асханада тамақтанып отырғанда Ленаның толқынданған бұрымынан білдіртпей тартып қалатын, сол кезде Лена сәл ғана қабақ шытып "Қойшы!" деп қана қоятын. Бойжетіп, бозбала кезде де Ленаға көңілі ауып тұратын. Сол сары қызда не күш бар десейші?! Қылжақтап жанынан шықпайтын бозбалаларды ол көзіне де ілмейтін. Тек өзімен оқта-текте кездесіп қалғанда отты жанарын бір қадап, бас иіп қана өтетін. Бұл бала кездегідей емес, оған жақындауға именетін. Тек сырттай ғана оның сұлулығына, ерке қылықтарына сүйсініп жүретін. Құтпан оны ойласа бойына бір қанатты сезім бойлағандай болады да, өз-өзін бақытты сезінетін. Махаббат па, әлде басқа ма, шаруасы жоқ. Тек сол сезім ғана бұны қуантып, қиял құшағына көз жұма енгізетін. Есінде, барлығы да есінде екен…
Бұның да жас кезі зор қызықпен өткендей көрінеді бұған. Ештеңені де ойламайсың, атқа мініп, қой бағасың, қолың босаса қыр басында сауық құрасың. Жас қыз-келіншектердің бауырына сұғанақ қолыңды сұғып жібергенде еліктің лағындай ытқып-ытқып кетуші еді ғой, шіркіндер! Махаббат па? Жоқ, ол кезде оны ойлауға да мұршасы да болмаған сияқты. Бозбала кездегі ынтызар болған Лена қызға ұқсас ешкім де жолықпады. Бірде жас күнгі желікпен тұлымшағы желбіреп бойжетіп келе жатқан көрші ауылдағы Бақтыбердінің Әйкен атты қызын түн жамылып алып қашқан еді. Бақтыбердінің иіні жұмсақ кісі еді, жарықтық. Дау көтеріп, ауыл арасында ат шаптырмады. "Болары болды, қыз жат жұрттық, қарлығашымды саған бердім. Бақытты болыңдар, қарақтарым!" деп батасын да беріп еді. Бірақ бұл қолдағы қарлығашын баға да, бағалай да алмады. Күндегі ұрыс-керістің үлкен себепкері арақ болып, шаңырағының берекесі қашты. Үш айдан соң Әйкен бар жүгін жинап, төркініне тартып отырды. Бұл да оның артынан еш бармады, қайта басының босағанына қуанып та қалғандай болды. Кейін естіді, бұлар ажырасқаннан соң жылжарым уақыттан кейін қаладғы оқыған бір жігітке тұрмысқа шығыпты. Сөйтіп бұның отбасылық өмірі басталмай-ақ жатып, осы арақтың кесірінен шарт үзілген еді. Ал қазір кім бұл?… Көзін ашты. Шөлмектер бос қалыпты. Сейтқали: "Мен қазір алып келе қояйын" деп үйден теңселе шығып кетті. Қараңғы моладай бол-ған бұл үйдің ауыр мысы басып Құтпанның демі тарылып, қысыла бастады. Кір жағалы көйлегінің түймесін ағытып тастады, бірақ бұның да көмегі болмады. Енді қайтпек?… Күткен Сейтқали әлі жоқ. Не болса да, далаға шықпақ. Орнынан әрең тұрды. Есіктің ернеуіне қолын тіреп, дәлізге беттеді. Дәліздің шамы да жағылмапты. Қап-қараңғы, ыз-ғар денесін тоңазытып барады. Бір кезде көзі қарауытып, дүние шыр көбелек айналып кетті. Манағы қысылып, та-рылғаны да ізім-ғайым жоқ болып, біртүрлі рахат күйге енгендей болды. Көз алдына бұрын өзі көрмеген ата-анасы келді. Анасының жүзі қандай жылы еді. Әкесі де қолын бұлғап бұны шақырып жатыр. Құтпанның оларға бірер сөз айтқысы келді, бірақ дауысы шығар емес. Кенет, ата-анасының жанында өзі бұрын құштар болған Лена пайда болды. Ерке күлкісімен сыңғырлап, ол да бері шақырады. Құтпан оларға қарай тырмысып-ақ жатыр, бірақ болар емес. Өзі тұңғиыққа сүңгіп бара жатқандай, ал қарт ата-анасы мен Лена болса оған сонау биіктен қарап тұрғандай. Қатты ышқынып еді, қол-аяғын ауыр арқанмен матап тастағандай қозғалтар емес. Тек өзінің еркімен белгісіз тереңге әкетіп бара жатты. Ауызғы үйдің тас еденіне түбі кесілген теректей кәрі денесімен етпетінен құлап түсті. Еденнің буын-буынды қалтыратқан аязы бүйірінен өтіп барады. Тұруға әлі де, күші де жоқ. Өң мен түстің арасындағы сағымданған елестер. "Сейтқали қайда?… Ол неге жоқ?…"
Сара Жақсылық,
Қазанбасы
орта мектебінің
11 сынып оқушысы.
Әулиекөл ауданы.