Балықшылардың назарына!
ҚР «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 39 бабы 5 тармағының 3-тармақшасына сәйкес тиісті биологиялық негіздеменің негізінде уәкілетті орган белгілейтін мерзімдерде және орындарда қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде балық аулауға тыйым салынады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығымен балық ресурстары мен басқа су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу енгізіледі. Осылайша, шектеу мен тыйым салуда белгіленген кезеңде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде балық аулауға болмайды.
Жоғарыда аталған актінің 7 бөлімінің 19 тармағымен Қостанай облысының аумағында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде аулауға рұқсат бермейді.
Мысалы, Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелдi мен Жангелдин аудандарының су айдындарында шортан 20 наурыз бен 20 сәуірді қоса алғандағы аралықта, сазан (тұқы), табан, оңғақ, көксерке 20 сәуірден 30 мамырды қоса алғандағы аралықта аулауға тыйым салынады.
Қостанай облысының басқа аудандары мен қалаларының су айдындарында 20 мамырдан 10 маусымды қоса алғандағы аралықта мөңке, 10 сәуірден 10 мамырды қоса алғандағы аралықта шортан, аққайран, 20 мамырдан 30 маусымды қоса алғандағы аралықта сазан (тұқы), табан, оңғақ, көксерке, 20 қазаннан 30 қарашаны қоса алғандағы аралықта ақсаха балық түрлерін, 1 желтоқсаннан 31 қаңтарды қоса алғандағы аралықта нәлім, 15 қазан мен 30 маусымды қоса алғандағы аралықта шаян аулауға болмайды.
Сонымен бірге, кәсіпшілік емес балық аулау құралдарын қолдана отырып, 15 сәуірден 1 шілдені қоса алғандағы аралықта сағадан (Демалыс үйі мүйісі) Котюбок шығанағының жоғарғы жағына дейінгі Жоғарғы-Тобыл су қоймасында, Халвай кентінен Аят бұлағының бөгетiне (Тобыл қолтығы) дейiнгі аралықта және автожол көпірінен (Рудный қаласы – Тобыл станциясы тас жолы) Майский ауылына (Аят қолтығы) дейiнгі аралықта Қаратомар су қоймасында балық аулауға тыйым салынды. Сондай-ақ, Жоғарғы-Тобыл су қоймасы мен Қаратомар су қоймасының жоғарыда аталған учаскілерінде жыл бойы кәсiпшілік балық аулау құралдарын қолдана отырып балық аулау заңға қайшы әрекет саналды.
Таңат Смаилов,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы