Төрлет, әз Наурыз!
Ұлы Дала төсінде мыңдаған жылдар бойы үзілмей тойланып келе жатқан Әз-Наурыз да есігімізден кірді. Ел аузынан жеткен аңыздарға қарағанда, Нұх пайғамбардың кемесінің табаны қарайған жерге алғаш тірелгенде, одан нәуірзек ұшқан екен, сонда наурыз гүлі – бәйшешек гүлдеп тұрыпты. Сол сәтте көк аспаннан қасиетті қазан түсе қалып, жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері дәм татады. Осылайша бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп жария болады.
Халқымызда Наурызға қатысты «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы» – жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн», «Көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «Жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы жібіп, Сарыарқаның салтанаты жарасқан күн» тәрізді бейнелі де берекелі түсінік сөздер мол. Белгілі ел әңгімелеріне қарағанда, орта ғасырда өмір сүрген көрнекті ғұлама Ұлықбектің Самарқан маңындағы обсерваториясында аспан денелерін белгілеген тастары болған. Күн мен түннің теңескен шағында әлгі тастарға күн сәулесі түсіп, тас ериді екен. Көптен араз жандар бір-бірімен кешіріседі. Бірі екіншісін кешірмеген жағдайда, «Самарқанның көк тасы да еріп жатыр, сенің жүрегің тастан да қатты ма» деген түсінік осыдан қалса керек. Тіпті, Наурыз күні атақты Әмір Темір өлім жазасына кесілген адамдарды кешірген деседі.
Бір ғана Наурыздың Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз-бата, Наурыз-тілек, Наурыз-жұмбақ, Наурыз-төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Қызылбастың наурызы атаулары ел арасына кеңінен тараған. Наурыздың 22-жұлдызы – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнайтын күн.
Ықылым замандардан келе жатқан көшпелі жұрттың мейрамын ата-бабаларымыз байырғы астрономиялық түсінік бойынша, әрбір жыл алты ай жаз («йас») бен алты ай қысқа («қыш») бөлген. Тіліміздегі «Алты ай жаз бойы», «Ала жаздай», «Алты ай қыс бойы», «Ала қыстай» секілді сөз орамдарын осы түйсіктің сарқыт-жаңғырығы десек болады.
Біздің жыл санауымыз сонау Ғұн заманынан бастау алған деседі. Ал он екі жылдық мүшел түркі дәуірінде жетіліп, кемеліне келген. Бұл туралы Махмұт Қашқар өзінің әйгілі сөздігінде «Түркі қағаны халқымен кеңес құрып, «кейінгілер жаңылмас үшін, он екі жұлдыз бен он екі айдың санындай он екі жылдың әрқайсысына ат қояйық. Жыл санауымызды осыған қарап жүргізейік» депті. Сөйтіп, қаған жабайы аңдарды Іле өзеніне қарай қуыңдар деп бұйрық береді. Аңдардың он екісі суды кешіп өтеді. Өзеннен өткен әрбір аңның аты бір жылға беріледі» деп жазады. Көк түркінің осы жыл қайыру амалын жиі қолданғанын білеміз. Мысалы, жылан жылы қайтыс болған Елтеріс қағанның көктасына жыланның бейнесі қашап салынған.
Ал әйгілі Әбілғазы баһадүр хан «Түрік шежіресі» деген еңбегінде құздардың қуысына сыймаған Ел ханның ұрпақтары Отанына жету үшін от қойып, темірмен тауды балқытып, жол тауып шатқалдан шығады делінеді. Көк бөрінің жол көрсетуімен жаңа қонысқа жеткен жауынгер жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлапты. Осылайша бұл күнді жаңа күн ретінде тойлау салтқа айналып, түркі қағандары көрік басып, балға ұрып, төс соғатын дәстүр енгізіпті. Бұл үрдісті Шыңғыс хан қайта жаңғыртқан. Наурыз мерекесі 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар.
Міне, мыңжылдықтар бойы үзілмей келген Әз Наурыз мейрамымыз кеңестік дәуірде алпыс жылдан астам тоқырап тұрды. Тек 1988 жылдан бастап ел өшкенін жаңғыртып, дәстүрін қайта жалғап жатыр. Жыл өткен сайын ұлық мерекенің маңызы артып келеді. 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. 2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында «Әлем мәдениеті» атты күн тәртібінің 49 тармағы аясында «Халықаралық Наурыз күні» деп аталатын қарар қабылданды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Діл мен тілге бөлмейтін наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары халықты ұйыстыра түсті. Бүгінгі кезде үш күн бойы мерекелейтін ең үлкен біздің мейрамымыз. Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан ұлыстың ұлы күні ай мен күндей әлемге бірдей адамзаттық ортақ қазынасына айналды. БҰҰ-ның Наурызды халықаралық мереке деп жариялағаны бекер емес. Сондықтан біз басты байлығымыз берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» – деуі бекер емес.
Біздің өңіріміз де Ұлыстың Ұлы күнін ерекше қарсы алғалы отыр. Биыл да әз мейрам мәні зор шараға толы болмақ. Қостанай ауданының Заречный қазақ орта мектебі де Наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен атап өтуде. Қыран құс, жүйрік ат, құмай тазы, киіз үй, алтыбақан, күрес, тұсаукесер, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қызылды-жасылды киінген оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар мен қонақтар нағыз тойды қыздырып жібергендей. Білім ордасының басшысы Көпжасар Қажымұқанов киіз үй тігіп, алтыбақан құрып берген, ат-тазысын жетектеп әкелген, мерекені көтерісіп жатқан Санай ақсақалдың әулетіне, ветеринарлық зертхана ұжымына, Кармановтар отбасына, басқа да демеушілерге зор алғысын білдірді.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Хамзина аталған білім ордасында Мемлекет басшысы тұсауын кескен күннен бері еңбек етіп келеді. Алғаш 250 бала оқып бастаған мекемеде бүгінде 520 оқушы білім алуда. Оның сыртында даярлық сыныптары бар. Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрі Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына орай биылғы Наурыз мейрамын бұрынғы жылдардан анағұрлым өзгеше өткізуді жоспарладық дейді. Жиналған жұртшылыққа Наурыздың мәні, артықшылығы түсіндіріліп, мереке салтанатты шеруден басталды. Ән-күй, жыр, биден шашу шашқан өрендердің өнерін тамашалаған жұртшылық, дастарханнан дәм татты. Қазақтың дәстүр-салттарына куә болды. Ал спорттық, танымдық жарыстардың жеңімпаз, жүлдегерлеріне марапаттау қағаздары мен ақшалай сыйақы тағайындалған екен.
Ұлы Жаратушы бар қазаққа мирас қылып қазынаға толы ұлан-атырап жер беріпті. Ырыздығы шайқалмайтын мол дәулет пен ынтымақ қоса келіпті. Сол жерге иелік еткен жұртқа патша қылып ер беріпті. Сол патшаның соңынан ерген береке-бірлігі жарасқан біртұтас ел еріпті. Тіршілік атаулының тамыры жібіткен Әз-Наурыз күні Көк бөрілі байрақты Ғұнның мұрагері – Күн астында Қыраны қалықтаған Дербес Қазақ еліне алған бағытың баянды болғай деген тілек бар! Беталысың дұрыс, түтінің түзу ұшсын, Ұлы Дала елі!
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ