Комиссия келісім берді
Республикалық ономастика комиссиясы Қостанай қаласындағы қос бірдей көшенің атауын қазақшалауға рұқсат берді.
Комиссияның бұл шешімі туралы ақпаратты Қостанай облыстық мәслихатының аппараты басшысының орынбасары Светлана Қалдыбаев хабарлады. Маманның айтуынша, көше атауына қатысты оң қорытындыны ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссиясы өткен жылдың 20 желтоқсанында қабылдаған. Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасы құжаттарды толығымен жинап, облыстық мәслихатқа тапсырды.
Республикалық ономастикалық комиссияның құжатында: "Герцен көшесін Қобыланды батыр атына ауыстырып, Таран көшесін Тәуелсіздік деп, қайта атау туралы Қостанай облысы әкімдігінің ұсынысына келісім берілсін" делінген.
Бұл құжатқа енді облыстық мәслихат депутаттары дауыс беретін болады. Светлана Қалдыбаеваның сөзіне сүйенсек, Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы ақпан айында өтуі мүмкін.