Салауаттылыққа бастар жол
Наурыз мейрамы аймағымыздың діни ордаларында да кеңінен тойлануда. Қостанайдағы «Жайлаубай ата» мешіті ұлық мерекемізді «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атауымен ұлттық ойындардан жарыс өткізуге арнап отыр. Бұл дода Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі секторының «Жастар және салауатты өмір салты» айлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Қол күрес, арқан тарту, гір көтеру, асық ату спорт түрлері мешіт жамағатын бей-жай қалдырған жоқ. Әсіресе, тартысқа толы өткен гір көтеру сайысында Алтынсары ауданынан келген қазақ күресінің ардагері Берік Таласовтың алдын ешкім орай алмады. Бекең қос гір тасын 75 рет көтеріп, өзінің әлі бабында екенін мойындатты.
«Жайлаубай ата» мешіті әр жұма сайын тұрақты түрде қайырымдылық жәрмеңкесін өткізумен келе жатқанын айрықша атап өткен жөн. Бұл жолғы ұлық мереке құрметіне арналған жәрмеңке барысында арзан бағада азық-түлік, діни әшекей бұйымдар, киім-кешектер саудаланса, барша қонақтарға мешіт тарапынан «қыстың қымызы» аталып кеткен құрт көже үлестірілді. Жиналғандар Фато қажы Дилшодұлының дәмі тіл үйіретін палауынан дәм татты.
Мешіт ауласындағы киіз үйде Жанат Орқашбаев жұртшылыққа дастархан жайса, Айсұлу Құрманбекқызы 300 бөлке нан тегін таратты. Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінің қолөнер үйірмесінің жетекшісі Айдын Диханбаев баба өнердің қыр-сырымен, жасалу әдіс-тәсілімен бөлісті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ