Сыртқы нарыққа бір қадам
Қостанай облысына келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ бастаған делегация облыс әкімімен кездесті.
Филипп Мартинэнің астықты аймаққа келгендегі мақсаты – жергілікті кәсіпкерлік ортамен әріптестік байланыс орнату, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысу. Ол осы орайда Қарабалық ауданына барып бизнес өкілдерімен пікір алмасқан болатын.
Әкімдікте өткен басқосуда екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту мәселелері қозғалды. Тараптар өз ұсыныстарын ортаға салды. Француз кәсіпкерлері жиында өздерінің жобаларын ұсынды. Кәсіпкер, «Отрада» компаниясының директоры Патрик Хоффман өңірде еуропалық талаптарға сай шошқа өсіру кешенін салуға дайын екендігін мәлімдеді. Инвестиция көлемі – 200 млн еуро. 1000 адамға жұмыс орны ашылады. Бизнесмен Ресей Федерациясының Липецк қаласында шошқа шаруашылығын дамытып жатыр. Етті Қытайға экспорттайды. Компанияның жылдық табысы 50 млн доллардан асып жығылады.
– Қазір Еуропа, соның ішінде тіпті Франция ауыл шаруашылығы саласында дағдарысты бастан өткеруде. Сіздерде экологиялық артықшылықтар бар, өнімдерге түрлі қоспалар, ГМО қолданбайсыздар. Яғни, табиғи өнім өндіріліп жатыр. Олар заманауи трендтер мен сұранысқа жауап береді. Қазір органикалық тағамдар кең тарай бастады. Менің ойымша, Францияда сіздердің өнімдеріңізге қызығушылық танытатын аудандар табылады, – деп атап өтті кәсіпкер.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов франциялық кәсіпкерлерді Қарабалық ауданына шақырды. Сонымен қатар ол қостанайлық және француз кәсіпорындары агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, туризм, жаңартылатын энергетика салаларында ортақ тетік таба алатынына тоқталды.
– Сіздер сұраған 10 мың га жер мен 10 мВт электр қуатымен қамтамасыз ете аламыз. Біз инфрақұрылымды дамытуға көмек көрсетеміз Қарабалық ауданы бұл жобаны жүзеге асыруға өте қолайлы мекен. Біз үлкен қызығушылық танытып отырмыз. Қостанай облысына келіп, кәсіп ашуға шақырамын. Тәжірибе алмасып, кадр дайындау мәселелерін де ретке келтіреміз, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына келсек, бүгінде Францияға елімізден тек зығыр тұқымдары экспортталуда. Ал Қостанайда әйігілі «Пежо» көлігі құрастырылып келеді.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев