ҚАРЖЫ ТИІМДІ ЖҰМСАЛСЫН

Қомақты қаржы, қыруар күшпен күрделі жөндеуден өткен кейбір мектептер бүгінде сол жұмалған қаржыны ақтай алмай отыр. Мәселен, бір-екі жыл бұрын жергілікті бюджеттен бөлінген 277 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен  Қостанай ауданына қарасты Половников орта мектебінде соңғы үш жыл ішінде оқушылар саны күрт азайып кеткен. 230 шәкіртке шақталған аталмыш білім ошағында бүгінде небары 76-ақ бала оқиды. Мектеп шәкірттерінің оқу үлгерімі де мәз емес. ҰБТ нәтижелері бойынша аудан мектептерінің ең соңында. DSC_0424
Ал мемлекеттік тілде білім беретін Заречный орта мектебінде жағдай мүлде басқаша. Ескірген ғимараттың тарлық еткеніне қарамастан,  бұл мектепте жыл санап оқушылар саны артып келеді. Мамандар мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс деп қорытынды шығарғанымен, оған бөлінген қаржы жоқ. Тіпті мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі жобалық-сметалық құжат әзірлеуге де қаржы қарастырылмаған. Соңғы жылдары облыста бой көтерген  жаңа оқу ғимараттарының бірі – Перцев елді мектебіндегі орта мектеп. Оған жұмсалған қаржы көлемі – 635 млн теңге. Өкінішке, орай бүгінде бұл мектеп те жартылай бос тұр. Себебі ауылда мектеп жасындағы бала саны аз. Қазір 150 балаға шақталған мектепте 70 шақты шәкірт білім алып жатыр.  Бұл жаңадан салынатын немесе күрделі жөндеуден өтетін мектеп ғимараттарын  анықтау барысында мұқият жүргізілуі тиіс талдау-саралау жұмыстарының шикілігін көрсетеді.
Сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу барысында ол жобаны жүзеге асыратын қаржының бар-жоғы ескерілмейді. Нәтижесінде, қомақты қаржыға әзірленген жобалық-сметалық құжаттың заңда көрсетілген мерзімі өтіп кетіп жатады. Салдарынан ЖСҚ әзірлеуге жұмсалған жалпы көлемі 107,7 млн теңге қаржы ауаға ұшқан.DSC_0427
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында Қостанай облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дмитрий Костюков осындай мәлімет берді. Оның айтуынша, былтыр Тексеру комиссиясы 18 аудиторлық шара өткізіп, 115 нысанды тексерген. Шара барысында 1,4 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталып, қаржы қайтадан бюджетке қайтарылған. Сондай-ақ, бухгалтерлік есеп жүргізу барысында 13,6 млрд теңге қаржының негізсіз және мақсатсыз жұмсалғаны анықталған. Мұның сыртында былтыр 2,9 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысы мен мемлекет активтері тиімсіз пайдаланылған. Ал тиімсіз жоспарланған қаржы көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады. Бүгінге дейін ысырап болған қаржының 407,6 млн теңгесі қайта өндіріліп алынған.  
Қаржы саласында да бірқатар келеңсіздіктер орын алған. Тексеру комиссиясы 46 мекемеде еңбекақы беру, еңбек демалысы мен өзге де төлемдерді аудару барысында заңсыздыққа жол берілгенін анықтаған. 23 мекеме көлемі 6,7 млн теңге болатын іссапар шығындарын төлеу барысында заң талаптарын бұзған.
Аудиторлық шаралар барысында Тексеру комиссиясы мен өзге де өкілетті органдар тарапынан заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 99 хаттама толтырылып, 152 лауазымды тұлға тәртіптік, 60 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға  8,8 млн теңге айыппұл салынып, толық өндіріліп алынған. – Бюджеттік тәртіп – ең өзекті мәселе. Тәртіп болса, жемқорлықтың жолы кесіледі, түрлі тәуекелдер азаяды. Алдағы уақытта болашағы бар мектептер ғана күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Мәселен, Қамысты ауданында да қомақты қаржы шығындап, күрделі жөндеу жүргізілген мектеп бірнеше жылдан соң жабылып қалды. Бұл жөндеуден өтетін оқу ошағының, ол жердегі елді мекеннің болашағын, халық санын, тұрғындардың қоныс аудару жағдайын талдау жұмыстарының ақсап жатқанын көрсетеді. Сондықтан барлық басқармаларға бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
 Д. Костюковтан кейін облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ж.Арапбаевтың баяндамасы тыңдалды. Бас инспектордың айтуынша, былтыр әкімшілік құқық бұзған   1614 жеке және заңды тұлғаға  98 603 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 85 656 мың теңге өндіріліп алынған. Көлік инспекциясы 2018 жылы 20 стандарт бойынша 2 797 мемлекеттік қызмет көрсеткен.DSC_0423
Инспекция көліктік бақылауды «Қарабалық» стационарлық бекеті мен 2 жылжымалы бекет арқылы жүзеге асырады. Былтыр 1 455 автокөлік жүргізушісіне 93,022 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, бүгінге дейін оның 85 мың теңгесі өндірілген.  
Күре жолдың жауы – ауыр жүк тасымалдайтын автокөлік. Ақша үнемдеу үшін асыра жүк тиеп алған ауыр көліктің батпан доңғалағы асфальт қыртысын аршып, тақтайдай тегіс жолды арша-борша етіп, ой-шұқырды көбейтеді. Сондықтан мұндай көліктерге тиелетін жүктің заңда белгіленген мөлшерден аспауын қатаң қадағалау маңызды. Көлік инспекциясының қызметкерлері былтыр асыра жүк тиегені үшін 301 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 45 млн теңгеден астам айыпұл өндірген. Мұның сыртында кен орындарына тиесілі инертті материал тасымалдайтын көліктер де шамадан асыра жүк тиеп жолға шығады. 2018 жылы осындай 47 жүк жөнелтушіге әкімшілік шара қолданылған.  Жүк тасымалдау тәртібін ретке келтіру үшін бүгінде облыс аумағындағы кен орындарына көлік салмағын өлшейтін арнайы таразы орнату талап ету қажет.
Асыра жүк тиеп алып Қазақстан жолдарын қайраңға айналдыратын шетелдік, әсіресе ресейлік көліктер де жиілеп барады. Бұларға да ымыра жоқ. Заң жалпыға бірдей. Көлік инспекциясы былтыр осындай 27 шетелдік жүк тасымалдаушыны әкімшілік жазаға тартқан. Көктемгі қар еру, су тасу маусымында қыртысы жібіген жолдың бұзылуы оңай.  Осыған байланысты 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында тиелетін жүк салмағы бір осьті автокөліктер үшін 8 тоннаға, ал  қосарлы осьті автокөлітер үшін 13,2 тоннаға дейін кемитін болады.
Жүк тасымалдау талаптарын бақылауды автоматтандыру жұмысы біршама ілгерілеп келеді. Бүгінде Федоров елді мекені мен Әулиекөл ауылы маңындағы күре жол үстінде арнайы автоматтандырылған таразы жұмыс істейді. Жүк көліктерін автоматты түрде бақылайтын  мұндай ақылды таразылар жыл соңына дейін облыс арқылы өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар барлық бағыттағы жолдарға орнатылмақ.
Көлік инспекциясы 2018 жылы темір жол саласын  35 рет тексерген. Нәтижесінде темір жол қозғалысына қауіп төндіретін 1153 заңсыздық анықталып, 32 айыптау құжаты мен 21 есерту қағаз толтырылған. Сондай-ақ 15 бекет жолдарының пайдаланылуы тоқтатылып, жекемешікке тиесілі 42 тұйық жол жабылған.
Жиын соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көпшілікке жаңа тағайындалған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы  Абзал Естаевты таныстырды. Ол бұған дейін Астана қаласында жұмыс істеген.   – Абзал Естаев бұған дейін Астана қаласының «ТКШ дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ директорының орынбасары қызметінде болды. 2006-2012 жылдар аралығында елордадағы монополияға қарсы ведомствоны басқарды. Тәжірибесі мол, – деді облыс әкімі.
 
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓