1000 домбырашы күй тартады

Аманкелді ауданының өнерпаздары биыл Домбыра күні халық күйі «Келіншек» және күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың «Балбырауынын» орындайтын болады. Осыған байланысты аудан әкімі Әмірхан Асанов өнерпаздарменен 5 рет кездесу өткізді. 5 ретінде де домбырашылардың күй орындау шеберліктері талқыланды. Жетістік-кемшіліктер сараланып көрсетілді.86_main
     Шағын аудан халқы үшін 1000 домбырашының аталмыш екі күйді тартуы оп-оңай шаруа деуге болмайды. Сонымен қатар, дайындық барысында домбыра жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселелерді талқылай келе, аудан басшысы әрбір ауылдық округ әкімдеріне және мекеме, кәсіпорын басшыларына әзірлікті ширатып, домбырашыларды ұлттық аспаптармен қамтамасыз етуді алға қойды. Домбырашылармен аудандық мәдениет үйінің директоры мен Т.Елтебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры К.Ахметов жиі кездесіп, олардың күйді орындау нәтижелерін талқылап, кемшіліктерін көрсетіп, тиісті ақыл-кеңестерін беруде.
     Жақында жерлесіміз, Аманкелді ауданының Құрметті азаматы, белгілі өнерпаз Сапарғали Ахметжанов келіп, аудан домбырашыларының орындау шеберліктерімен танысып, бірнеше репетиция жүргізетін болады.
   Аудан көлемінде 1000 домбырашының оркестрмен күй тартуы – Қазақстанның көлемінде алғаш рет қолға алынып отырған іс. Бұл, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік. Батыр атындағы ауданның домбырашылары осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, Домбыра күні сәтті өнер көрсетуге әзірлік үстінде.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓