МІНДЕТ. МЕЖЕ. МҮМКІНДІК

 
Облыс әкімдігінде Елбасы Жолдауы талқыланды
 
Облыс әкімдігі ғимаратында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы өтті.
Актив мәжілісіне облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, облыстық мәслихат хатшысы, жоғары оқу орындарының ректорлары, онлайн режимде қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биылғы Жолдау әрбір шаңырақтың, әр азаматтың жағдайын жақсартуға арналғанын айтты.
DSC_0121
– Жолдауда әлеуметтік саланың барлық бағытын қолдау қарастырылған. Отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жолдары көрсетілді. Сондықтан бізге енді аталған өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп берудің жолын қалыптастыру аса маңызды. Жолдауда белгіленген өзекті міндеттерді саралай отырып, әрбір салада нақты жоспарлар құруымыз керек. Бұл тапсырмаларды іске асыру – еліміздің дамуындағы тағы бір жаңа тарихи кезең, – деді Архимед Мұхамбетов.
Жиында әр сала бойынша шақырылған сарапшылар баяндама оқыды. «Жас Қанат 2006» құс фабрикасының директоры Қайрат Маишев өздерінің атқарған жұмыстарымен бөлісті. Бүгінде бұл кәсіпорын өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттайды. Мұнан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов, Қостанай педагогикалық колледжінің директоры Ғалия Оразымбетова, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Әлібек Мұхамеджановтар Жолдаудағы басымдықтар туралы пікір білдірді.
DSC_0177
Тұрғындарды толғандыратын мәселелердің бірі – жер қатынастары саласындағы келеңсіздіктер. Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарқын» шаруа қожалығының басшысы Сайран Бұқановтың айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысы мақсатында тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлер көп. Бұл мәселеде әлі жүйелі тәртіп орнаған жоқ.
– Бүгінде Жерді пайдалану және қорғау басқармасы 418 мың гектар алқапта тексеру шараларын жүргізуде. Олардың иелері толығымен анықталмаған және жер үлесі туралы ашық мәлімет жоқ. Тек осы жылы 155 мың гектар жерді алу туралы соттың талап-арыздары шықты. Соның 39 мың гектары ғана мәжбүрлі түрде алынды, – деді Сайран Бұқанов.
Жерді пайдалану және қорғау басқармасының тексерісінен кейін 2018 жылы Ломоносов ауылдық округіндегі «Агро жер» ЖШС 16,7 мың га жерді заңсыз иемденгені белгілі болды.
– Расымен де жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналып отыр. Мұны Елбасы өзінің Жолдауында баса айтты. Қостанайда тұрғындарға жерді бөлу процесінде де әлдебір сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты тексеру қажет. Жер саласындағы қағазбастылық азаяды деп үміттенеміз, – деп түсіндірді Сайран Бұқанов.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық база жасауды тапсырды. Сонымен қатар, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын айтты. «Қарқын» шаруа қожалығы басшысы Елбасы қойған міндеттердің ауқымды екеніне тоқталды. Сол себепті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті министрлікке ұсыныс жасауы керек.
DSC_0203
– Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялауды 25 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту қажет. Себебі, техникалардың, жанар-жағармайдың бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге дейін өсіп кетті. Керісінше, астықты өз бағасына әрең өткіземіз. Осы мәселе агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды іске асыру кезінде тағы бір қаралады деп сенеміз, – деді ол жиын барысында. 
 Облыста Жолдауды жүзеге асыру аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысын жылына 10%-ға, ал жалдамалы тұрғын үй құрылысын екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Мұндай мәліметті Жолдауды талқылау бойынша актив отырысы барысында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков жеткізді.
Негізінен, өңірде «7-20-25» іске асыру шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге 392 млн теңгеге 49 өтінім түсті, оның ішінде 299 млн теңге сомасына 39 өтінім мақұлданды. Осы тұрғын үй бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау мәселесін зерттеуді тапсырған еді.
– Қазіргі таңда Астана мен Шымкентте пилоттық режімде 2 жоба – бюджет саласының қызметкерлері үшін «Қамқор баспана» және жас отбасылар үшін «Жас арман» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың басты артықшылығы – баспана құнының 20% төлеген кезде, 10%-ын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. Осы тәжірибені зерттеп, оны облыс аумағына енгізуіміз қажет», – деп хабарлады Н.Қатарбеков. «2018 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында облыста 290,9 мың шаршы метр баспана салынған. Бұл өткен жылғыдан 10% жоғары. Біз жыл сайын тұрғын үй құрылысын 3500 пәтерден 4500 пәтерге дейін 10% өсіруді жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Қатарбеков өз баяндамасында.
Қазіргі таңда облыста Қостанай қаласында тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. «Солтүстік-Батыс», «Алтын-Арман», «Жаңақала», «Аэропорт», «Юбилейный» шағын аудандарының аумағында жаңа үйлер салынуда.
Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Жолдауға байланысты орынбасарларына тапсырмалар жүктеді.
– Марат Жүндібаевқа 5 қарашаға дейін ақпараттық-түсіндіру тобын құрып, аймақтарға шығу жоспарын жасауды тапсырамын. Жолдауды талқылау бойынша барлық қала, аудан әкімдері идеологиялық актив өткізсін. Стратегиялық құжатта көрсетілген бағытта сарапшыларды анықтап, мектептерде дәріс оқығандары жөн. 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Сондықтан жастар саясатын іске асыру бойынша қосымша қаражат қарастыруды Ерлан Спановқа жүктеймін, – деді өңір басшысы.
DSC_0185
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану және қорғау мәселесін қарайды. Ал Мейіржан Мырзалиев өңір экспорты әлеуетін арттыруға күш салмақ. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуын Сергей Карплюк қадағалайды.
Сонымен қатар облыс әкімі барлық қала, ауданның басшыларына жергілікті автомобиль жолдарын жөндеуді баса назарға алуды тапсырды.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓