Кенжебек Үкинмен кездесу өтті
Бүгін Қостанайдағы тарихи-өлкетану мұражайында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыстық ардагерлер кеңесің төрағасы Кенжебек Үкин қаланың белсенді жастарымен кездесті. Бұл шараны «Нұр Отан» Партиясы өткізіп отыр. Асалы ақсақалдың ғибратты әңгімесін тыңдауға «Жас Отан» жастар қанатының , қалалық жастар мәслихатының мүшелері, «Алтын кітаптың» лауреаттары және жоғары оқу орындарының белсенді жастары жиылды. Кездесу аясында Кенжебек Үкин өзінің өнегеге толы өмір жолы туралы сөз қозғады. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында Ұлы Отан соғысы кезеңінде дүние есігін ашып, балалығы зұлмат замана өтінде өткендердің бірі. Сол дәуірдегі сұрқай кезеңдерден естелік айтты. Қаршадайынан қара жұмысқа араласып өскен ел ағасы тыңдармандарына өзінің еңбек жолын әңгімеледі. Жоғары білім алған соң туған жерінде комсомол хатшысы болып алғашқы қызметін бастаған. Табанды еңбек ете жүріп еліне елеулі, абыройы асқақ азаматқа айналды. Ел үшін еткен еңбегі есепсіз. Торғай облысының бірінші хатшысы лауазымында болды. Бүгінде облыстың құрмет тұтар тұлғасы, қазынакеуде қарты.
Жалпы, бұл шараның негізгі көздейтіні – отансүйгіштікті дәріптеу, сондай-ақ тәуелсіз елдің мызғымас тамырындай тағылымды тарихты өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Кенжебек Үкіұлымен өткен келелі кездесуден соң жастар көп ой түйіп, рухани нәрленіп шыққандықтарын айтты. Кездесу соңында тыңдарман қауым мәртебелі мейманмен естелікке суретке түсті.