Наурыз достарын шақырады! (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Осындай атаумен «Мирас» мәдениет сарайында І халықаралық би фестивалі басталды. Тобыл төрінде тұңғыш рет өтіп жатқан ауқымды мәдени шара аясында 4 мемлекеттен келген 11 ұжым өнер көрсетеді. Өнерпаздардың дені ірі-ірі халықаралық байқауларда үздік танылып жүрген кәсіби би ұжымдары. Олардың ішінде «Шашу» (Астана қ.), «Невские зори» (Санкт-Петербург, Ресей), «Ералаш» (Челябинск, Ресей), «Бисеринки» (Татарстан), «Жемчужина» (Өзбекстан), «Тәбәрік» (Қырғызстан) және қостанайлық «Карнавал», «Алтынай», «Маленький орел», «Еркеназ», «Зарянка» би ансамблдері бар.
Шараның ашылу салтанатында Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов фестивалге қатысушыларды Наурыз нақышты өнер мерекесімен құттықтады.
– «Наурыз достарын шақырады» фестивалі өңірде халықаралық деңгейде бірінші рет өтіп отыр. Басты мақсат – Наурыз мерекесіне орай, облысымыздағы, еліміздің басқа өңірлеріндегі және көршілес мемлекеттердегі биші өнерпаздардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу. Мұндай фестивальдар би өнері саласында өте сирек өтеді. Байқаулар өтіп тұрады, бірақ оның өзі де сирек. Сондықтан біз оннан астам шығармашылықтың басын бір арнаға тоғыстырып, қостанайлықтарға 3 күн бойы өз өнерлерін тарту ететін болады, – деді ол.
Би меркесі 16 наурыз күні, яғни ертең Қалалық балалар шығармашылығы мектебінде сағат 11.00-ден бастап жалғасады. Ал 17 наурыз күні «Мирас» фестивальдің жабылу салтанаты өтеді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев