Ғалам таныған ғалым
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Л.Н. Толстой атындағы кітапханада қазақтың атақты геологы, академик, қоғам қайраткері Қаныш Сәтпаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған кеш өтті. Мақсат – атақты ғалымның ғылыми еңбектері мен мұраларын насихаттау, азаматтық сана-сезімді және отаншылдықты қалыптастыру. Іс-шараға Қостанай ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Жер жүзінде пешенесіне бірінші болу жазылған жандар жетерлік. Қазақстандық ғылым үшін мұндай адам үстіміздегі жылы туғанына 120 жыл толып отырған Қаныш Имантайұлы болды. Қазіргі кезде атақты ғалымның, ғылым мен практиканы ұйымдастырушының, өз Отанының адал ұлының атында планеталардың халықаралық каталогында 2402 нөмірімен тіркелген «Сәтпаев кіші планетасы» бар. Шын мәнінде, ғаламдық деңгейдегі тұлға болды, сирек кездесетін қабілетімен ерекшеленеді және артына ешқашан өшпейтін із қалдырды, – деді халықаралық минералды ресурстар академиясының корреспондент мүшесі Михайл Бекқожаұлы өз баяндамасында.
Сондай-ақ, шара барысында кеш қонақтары ғалымның отбасы туралы естеліктерімен бөлісті, қазіргі қазақстандық ғылымдағы ғалымның ізбасарлары туралы да әңгімеледі.
Кітап көрмесі де қонақтардың қызығушылығын тудырды. Онда қазіргі заманғы Қаныш Имантайұлының естеліктері мен құндылығын жоғалтпаған еңбектері қойылған.
Әсел Қибаш