Жақсылармен жаны жарасқан
Журналист Қуанышбай Орманов жайлы жүрекжарды сыр
Оқу мерзімінің бір жылға қысқаруына орай күнілгері журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосовпен күндізгі бөлімшеге ауыстыруға келісіп, студенттер ауыл шаруашылығы жұмыстарынан оралғанша Алматы облыстық "Жетісу" газетінде уақытша тәжірибеден өтіп жүргенмін. Оқу жылы басталарда үшінші курста қатарымызға жаңа адамдар қосылды. Әскери борышын ақтаған, үстіне түсі сұр костюм-шалбар киген мына аққұба жігіт те бізбен аудиторияның табалдырығынан аттады. Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының тумасы болғасын әңгімеміз тез үйлесті. Алғашқы курстарда көрнекті жазушы Әнес Сараймен, сатира сарбазы Үмбетбай Уайдинмен қатар оқыған.
Не керек, 1966 жылдың желтоқсан айында үйленерде жолдастыққа Қалқа курстасы, жамбылдық Кәмиланы қалады да, мен Қуанышбайды лайықты санадым.
Кейін жалға алған үйімізге көшерде оның трамваймен керуетті апарысқаны бар.
Қуанышбай орыс тіліне жүйрік. Сондықтан аудармасына көбірек құлақ түретінбіз.
Серікбай Оспанұлы, Қуанышбай Орманов және мен Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" газетінде тәжірибеден өтерде республикалық "Лениншіл жас" газетінің меншікті тілшісі Байтұрсын Ілияс-ұлының пәтеріне орналасып, қарымды қаламгердің өзіндік жазу мәнеріне еліктегенбіз. Арасында Қуанышбай дүңгіршіктен одақтық журналдарды сатып әкеліп, шет мемлекеттердің өмірінен қызықты оқиғаларды баяндайтын.
Уақыт тауып, болашақ келінін ағайынына таныстырмақ ниетпен Қалқа мен Кәмиланы ертіп, Жітіқараға барғанбыз. Сондағы Қуанышбайдың ағасы Дүйсен мен жеңгесі Раушанның өңі бал-бұл жан-ған мезетті көрсең… Қос құрбы да ерекше әсерге бөленді.
Той дастарханында танысқан Қуанышбай мен Кәмиладан қашан Қостанай қаласына қоныс аударғанша жұбымыз жазылмады.
"Торғай таңы" газетіне қызмет ауыстырып, Арқалық қаласына жүгімізді арт-қанда да байланысымыз үзілмеді.
Студенттік дәуірді өткерген Алматы қаласына барсақ, Қуанышбайдың үйіне жеткенше асығатынбыз.
Бірде Кәмила мен Қалқаның өзара ұйғарымымен ЖенПИ-дің жағырапия факультетіндегі баяғы курстастарымен кездесіп, жастық шағымыздан жарыса сыр шерткеніміз жадымда.
Қапелімде бүйрек ауруына шалдығып, Алматы қаласының білікті дәрігерлеріне қаралғанмын. Ешнәрсеге зауқым жоқ. Сарыуайымға салынғанымда шаһарға қарасты Калинин аудандық Кеңесінің депутаты, Қазақ радиосының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Қуанышбай Төребекұлының қызмет бабындағы жеңіл көлігіне мінгізіп, ақбасты Алатаудың етегінде болған малшылар тойын қызықтатқанын, емге шипа шұбат ішкізгенін, жол бойы тартымды әңгімелерімен көңілімді аулағанын қалай жасырайын?!
Терезесін ашсаң, тау жақтан самал жел есетін үйін қалайша есіме алмайын?!
Шалғайда тұрсақ та, телефон шалып немесе келген адамдардан сұрастырып, амандығына қанығатынбыз. Жастай жетімдіктің тақсыретін тартқан баланың тасы өрге домалағанын: Қазақ радиосының Бас директоры, Қазақ ССР телевизия және радио хабарлары жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі аппараты ішкі саясат бөлімінің аға референті сияқты үлкен қызметтер атқарғанын, кейбір министрмен етене араласқанын, шетелге сапар шегерде сан рет делегация жинастырғанын естіп, ежелгі досымыздың оң қадамына іштей марқаятынбыз.
Қалталы атасы Орманның жездесі тұрғысында өз қаражатымен оқытқан Қайырбектің бел баласы, атақты ақын Ғафумен табысуы мәңгі есте сақталатын хикая.
Кішіпейілділігі мен қарапайымдылығының дәлелі – Алматы қаласында мәртебесі жоғары қызметте отырғанда Қуанышбайдың Жанкелдин ауданының Торғай селосында белгілі мәмілегер, ержүрек батыр Шақшақ Жәнібектің 300 жылдығына арналған тойға қатысып, әсем киіз үйдің төріне жайғасқанда мені әдейі қасына шақырғаны, сөйтіп жұрт көзінше әңгіме-дүкен құрғанымыз қайталанбайтын сәт.
Қостанай облысының сол тұстағы әкімі Тоқтарбай Қадамбаевтың шақыртуымен телерадио компаниясының төрағалығына тағайындалғанда мекеменің жұмысын алға бастырғанына қатты қуанғанбыз.
Ал, облыс әкімінің кеңесшісі кезінде Лисаков, Таран, Әулиекөл аудандарының біріне редакторлыққа ұсынғанда мінезімнің жуастығын айтып, қашқалақтағанымды неге мойындамасқа?!
Бүгінде Қуанышбай – он шақты танымдық кітаптың авторы. Әсіресе, тарих ғылымының қыр-сырына жетік ғалымдар "Тұран өркениетінің ізімен", "Ат жалындағы өркениет", "Мен білетін Жітіқара" сынды еңбектерін тиісінше бағалаған. "Өлкетану" оқу құралы оқушылар мен студенттердің нағыз көмекшісіне айнал-ған.
Экспедицияның құрамында беделді топпен Қостанай, Торғай өңірлерін шарлауы да ізденгіштігін аңғартса керек.
Шүкір, Қуанышбай – береке дарыған отбасының иесі. Зайыбы Кәмила Н. Островский атындағы Қостанай қалалық кітапханасының директорлығынан зейнет демалысына шыққан.
Қыр гүліндей қызы, алтын асықтай ұлдары мақтанышы: Гүлнары – ағылшын тілінің маманы, Әділі – "Караван" газетінің жетекші маманы, Әсеті – полиция майоры. Сүйкімді бес немересі еркелегенде шаршағанын ұмыттырып жібереді.
Қазір мен Қостанай пединститутының профессоры Серікбай Оспанұлындай, құрметті профессор Қуанышбай Ормановтай /Ақтөбе пединституты да оған әлгіндей атақ берген/ курстастарымды мақтан тұтамын.
Достарыңның аты озса, сенің де көңіл құсың аспанға шарықтамай ма әрі олардың шәкірттерінің мерейі өспей ме?!
Шындыққа жүгінсек, кешегі мүйізі қарағайдай ұстаздарының да көксегені осы емес пе?!
Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ.
Арқалық қаласы.