Облысымызда көркем фильм түсірілмек
Қостанай облысында Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының желісіне көркем фильм түсірілмек. Бұл туралы Лисаков қаласында өткен баспасөз конференциясында болашақ фильмнің авторлары, Ресейлік режиссерлер Илья Желтяков пен Анастасия Полухина мәлімдеді.
-Бүгінде жақсы кино түсіру қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан жобаны «Қазақфильм» компаниясымен ынтымақтаса отырып жүзеге асырамыз деген үміттеміз, – дейді бастамашыл топ жетекшісі Анастасия.
Бастан-аяқ қазақ тілінде көрерменге жол тартпақ ресейлік фильмде адамзат баласының рухани мәңгүртке айналу мәселесі көрініс таппақ. Екі аптаға созылатын түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың көктеміне жоспарланып отыр.