Елбасы: “Әр балаға – 21 мың теңгеден”

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша сезілуі шарт. pap«Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасыда төрт бала бар. Қазірдің өзінде жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Бірақ аталған санаттағы отбасылардың табысы әртүрлі. Біреуі табысты көп табады, енді біреуі аз табады. Сондықтан қолдау шараларын жасағанда осыны ескеру керек. Жақсы табысы барларға қолдау жасаудың қажеті қанша. Сол себепті ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек берген жөн», – деді Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.
Елбасының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде атаулы көмекті 111 мың көпбалалы отбасы алады.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін республика бойынша 1 миллионнан астам адамға партия билеттері табысталды. Ұйымға мүше азаматтардың 62 пайызы – әйелдер. Ал 29-40 жас аралығындағы мүшелердің саны 27 пайызды құрайды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓