Әл-ауқатымыздың темірқазығы
Осыдан 29 жыл бұрын тәуелсіз мемлекет экономикасының төл валютасы – теңге айналымға енді. Тағдырлы кезеңде қабылданған шешімнің мән-маңызын өте терең әрі маңызды қадам. Есеңгіреген экономиканы оңалту үшін әрі кеңестік ақшадан арылу мақсатында дербес қаржылық жүйе жасау шешіміне кірістік. Ал алғашқы банкноттарға өзіміздің жерлесіміз, Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаровтың қолы қойылғаны зор мақтаныш. Қазір өз ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарғанына ешкім күмән келтірмейді. Теңге елдің қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Келесі жыл біздің теңгеміз өзінің үшінші онжылдық мерейтойын атап өтеді. Біздің валютамыз әлі жас. Қоғамға, әсіресе, жас ұрпақтың санасына ұлттық валюта тек ақша белгісі ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің міндетті рәміздері мен кепілдіктерінің бірі деген ой қалыптастыру керек. 1997 жылдан бастап бұл күнді Қазақстанның қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтеміз. Қазіргі уақытта облыстың банк саласында мыңнан астам адам жұмыс істейді, олар күн сайын өздерінің адал еңбегімен және жоғары кәсібилігімен кәсіпорындар мен халыққа жедел әрі үздіксіз есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуді, төлемдер мен аударымдарды жүргізуді қамтамасыз етеді.
– Бүгінгі таңда банктік қызметтер әрқайсымыздың күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Банктер аймақ экономикасын қолма-қол ақша және несиелік ресурстармен қамтамасыз етеді. Осы жылдың қыркүйек айының соңында ЕДБ кредиттерінің көлемі бір жыл ішінде 20% өсіммен 518 млрд теңгені құрады. Шағын бизнестің кредиттік портфелі 77 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылға қарағанда 24%-ға артық. Соңғы бірнеше жылда ипотека несиелеудің ең қарқынды дамып келе жатқан сегментіне айналды. Облыс банктерінің ипотекалық портфелі бір жылда 38%-ға артып, 126 млрд теңгеге дейін өсті. Өңірдің қаржылық мекемелерінде депозиттер 629 млрд теңгеге жетті, оның ішінде халықтың салымдары 466 млрд теңге, бұл өткен жылғыдан 18%- ға артық. Азаматтар салымдарының негізгі бөлігінің 80%-ға жуығын ұлттық валютада сақтайды, бұл халықтың теңгеге деген сенімін білдіреді. Бүгінде аймақтың әрбір тұрғынының қолында бірнеше төлем карточкалары бар, олардың қолма-қол ақшасыз айналымы 1,4 трлн теңгеден асты, – дейді ҚР Ұлттық Банкі Қостанай филиалының директоры Ғалия Жұмабаева. Мереке қарсаңында Қостанай гуманитарлық колледжінің студенттері өңір орталығындағы Ұлттық банк филиалында болып, қаржылық жүйе саласының жұмысымен, музейдегі банкноттар тарихымен танысты. – Біздің осында келуіміздің басты мақсаты – шәкірттерімізге ұлттық банктегі банкноттардың шығу тарихын түсіндіріп, олардың қалай айналымға шығатыны, дизайн жағынан, түрлерінің қалай өзгерістерге түсетіні, қалыптасатыны жөнінде мәлімет беру. Студенттер алғашқы машинкаларды, компьютерлерді, есеп құралдарын көзімен көрді. Отыз жылға жуықтаған уақытта қаншалықты жаңашылдықтың енгізілгеніне куә болды. Банкноттардың кезең-кезеңмен өзгеріп отырғанын көрді. Ертең шәкірттеріміз оқуын тәмамдаған соң банктерде немесе басқа да қаржы мекемелерінде еңбек еткен кезде осы ақпараттар оларға толық қажет болмақ, – деді колледждің есеп және аудит мамандығының оқытушысы Шаттықгүл Есқалиева.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков