“Таяу келешектен тосар үміт көп”
Мемлекет басшысы партияның және ел азаматтарының алдына нақты мақсаттар қойды. Солардың ең бастысы – қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру. Яғни тегеурінді, әлеуметтік бекем мемлекетке айналу. Елбасы әлеуметтік сала шығындарын төмендетпеу, мұқтаждарға көмектесу керектігін қадап айтты. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуге екпін салынатын болады.
Сондай-ақ, бюджеттік саланың, атқарушы органдардың аз табысты қызметкерлерінің жалақысын көтеру де назарда. Жаңа үйлер құрылысына қыруар қаржы бағытталып, тұрғындар оған жеңілдіктер арқылы қол жеткізе алмақ. Білі беру мен денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыра түсу де қаперден тыс қалып отырған жоқ.
Елбасы облыс әкімдеріне аймақтық сапалы саясатты іске асыруды міндеттеді. Ол әкімдердің халыққа жақын болуы керектігін атап өтті. Тұрғындардың қатынас жолы, ауызсу және газбен қамтылудағы мәселелерін шешуге күш жұмылдырудың маңызы зор. Мемлекет басшысы ауылдық елді мекендерге ерекше көңіл бөлгелі отыр. Айталық, 7,5 млн аууыл тұрғынының хал-ахуалын жақсарту мақсатында ізгі шаралар қолға алынып, жолдарының жөнделіп, коммуникациялары жаңартылып, әлеуметтік нысандарының жаңғыртылуына күш жұмылдырылмақ. Міне, осы жоспарлардың іске асуына партия басты қозғаушы күшке айналуы керектігі айтылып отыр. "Нұр Отан" жастар үшін де ең маңдайалды әлеуметтік сатылау негізі бола алуы керек.
Бұл жоспарлар мен тапсырма, міндеттемелер таяу болашақтан зор үміт күттіреді. Тек оған біртұтас ел болып тізе біріктіре еңбек ету қажет!
Римма Ғайсенова,
Қостанай қаласының құрметті тұрғыны, ҚР мәдениет ардагері