Зардап шеккендерге қор жәрдемдеседі
Болат Өтемұратовтың қоры көктемгі су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға ақшалай көмек береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тілші мақаласына сүйенсек, бұндай хабарламаны қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтып берген.
«Көмек картасы» жобасы 2018 жылы басталған. Біздің Қор көктемгі су тасқынынан, техногенді апаттардан зардап шеккен өңір тұрғындарына қаражат бөледі. Мұнда Қызыл жарты ай ұйымы көмекке мұқтаждарды анықтайды және Fortebank өз карталары арқылы ақша аударымын қамтамасыз етеді. Әрбір зардап шеккен тұрғынға 30 мың теңгеден беріледі. Әрине, ең алдымен баспанасы қирағандар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты аналар, көпбалалы, аз қамтылған жанұялар назарға алынады», – дейді М. Айтмағамбетов.
Оның айтуынша, төтенше жағдайда гуманитарлық көмек көрсететін ұйымдар жетерлік. Олар азық-түлікпен және қажетті киім-кешектермен қамтамасыз етеді.
«Біз өз кезегімізде зардап шеккендерге ақшалай көмек көрсетуді ұйғардық. Бұл қаржыға қажетті заттар, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдарын алуға болады. Гуманитарлық көмекті, жүкті тасымалдаудың өз шығындары бар. Ал тікелей қаржылай көмек аудару өте тиімді. Қаражатты Қазақстанның кез келген нүктесіне жылдам жіберуге болады», – дейді қор директоры.