Мамандыққа – мектеп партасынан
– Мен кішкене кезімнен техникаға қатты әуес болдым және ылғи да «Бұл қалай жасалады?» деген сұраққа жауап іздеумен келдім. Сол себепті техникалық үйірмеге жазылып, өмірімді слесарлық іспен байланыстыруды жоспарлап отырмын – дейді Айдос Арапов.
№7 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы үшін Рудный көлік және құрылыс колледжі екінші үйіне айналған. Ол мұнда жанына жақын іспен қатар жаңа достар тапты. Болашақта мектеп бітірісімен оқуын осында, сүйікті мамандығы бойынша жалғастырмақ.
«ССКӨБ» АҚ бастамасымен қолға алынған «Алтын ұрпақ» бағдарламасы Айдос сияқты қаншама жастың қиялына қанат бітіріп, мамандықты дұрыс таңдауларына жағдай жасауда. Осыдан бір жарым жыл бұрын қала құраушы кәсіпорын мен балалар үйі арасында жасалған меморандумға сәйкес алғашында тегін үйірмелер ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға ғана қолжетімді болды. Былтырдан бастап бұл бағдарламаға барлық мектеп оқушылары қатысуға мүмкіндік алды.
Бүгінде 11 техникалық үйірме аталмыш білім ордасымен қатар Рудный индустриялық институтында, политехникалық колледж бен тау-кен технологиялық колледжінде жұмыс істеп тұр.
– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды іс. Осыған орай кен алыбының басшылығы оқушылардың белгілі бір мамандыққа деген икемі мен қызығушылығын мектеп партасынан анықтап, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үйірмелерді ұйымдастырды. Үйірме аптасына бір рет екі сағаттан, қыркүйектен мамыр айына дейін жалғасады. Курсты ойдағыдай аяқтаған түлекке сертификат табыстаймыз және бұл құжат осы оқу орындарын таңдағанда жеңілдік береді. Түптің түбінде біз болашақ кадрларымызды осылайша қалыптастырудамыз, – дейді кәсіпорынның Кадрларды оқытып даярлау орталығының инженері Дмитрий Гусак.
Рудный көлік және құрылыс колледжінде жастар слесарлық және электргазбен дәнекерлеушілік істі меңгерсе, басқа үйірмелерде экономика, дизайн, информатика, темір жөндеушісі, электрик, сылақшы сияқты бағыттар бойынша теориялық және практикалық дағдыларын шыңдайды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ