Апелляциядан бір балл алды
Облысымызда ұстаздарды да, мектеп түлектерін де, ата-аналарды да біраз абыржытып, көңілдерін сан-саққа жүгірткен үш күнге созылған Ұлттық бірыңғай тестілеу де аяқталды. Нәтиже көрсеткіштеріміз қандай? Өткен жылға қарағанда жетістіктеріміз қай деңгейде? Діттеген мақтатымызға жеттік пе? Міне, осы секілді сұрақтармен біз облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білім беруді дамыту бөлімінің жетекшісі Сара Еришовамен сөйлескен едік.
– Қазіргі таңда облысымыздағы мектеп бітіруші түлектеріміз ҰБТ тапсырып болды. Осы үш күн барысында апелляцияға түсірген өтініштеріміздің де қорытындысы аяқталды.
Сонымен, үстіміздегі жылғы мектеп бітіруші түлектеріміздің жалпы, ҰБТ алған баллдарының орташа баллы- 78,79. Қатысуы-60,80 пайыз болса, білім сапамыз-41,67%. «Алтын белгіге» үміткер 120 мектеп бітірушінің 40 өз білімдерін дәлелдеп шықты. 50 баллдық шекті деңгейді 529 түлек тапсыра алмады.
Халықаралық білім байқауларында, ғылыми жобаларда жетістікке жетіп, сертификатқа ие болып, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болған, барлығы 59 түлек ҰБТ қатысқан жоқ. Соның ішінде қазақ түрік лицейінің 20 түлегі, «Озат» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 14 түлегі білім гранттарына ие болды. Ы. Алтынсарин атындағы мектеп интернатының 2 түлегі бар. Қостанай қаласы мектептерінің 17 мектеп бітіруші түлегі осындай білім грантының иегері. Білім грантына ие болғандардың қатарында аудандардағы мектептеріміздің түлектері де бар.
100 баллдан жоғары нәтижеге 400 түлек жетті. Ал, ең жоғары 124 баллды Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицейдің түлегі Данара Айсина алды.
Апелляцияға жалпы, 32 мектеп түлегі отыз төрт сұрақ бойынша яғни тест тапсырмаларының мазмұны мен техникалық себептер бойынша, бір оқушымыз екі сұрақпен өтініш түсірді. Бұл өтініштердің 4-і техникалық, 10-ы мазмұны жағынан болды. Өтініштердің он төрті қанағаттандырылды. «Алтын белгіге» үміткер түлегіміз осы апелляциядан бір балл алып, игер атанды.
93 мектеп бітірушіміз «2» деген баға алды. Олар ҰБТ ережесі бойынша мектепте емтихан тапсырады, аттестатын алады. Ереже бойынша үш пәннен «2» деген баға алған болса, онда оларға мектеп бітірді деген анықтама беріледі. Жалпы мектептерімізді 4397 мектеп бітіруші түлек бітірді. ҰБТ қатысқандардың саны 2676.
Гүлназым САҒИТОВА