Сұраныста – заманауи мамандықтар
Біз білім мен интеллект үстемдік құрған ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Өскелең ұрпақты заманның ағымына сай сапалы білімге баулимыз десек, өзгерістерге бейімделуіміз қажет. Өйткені бірер жылдан кейін қолданыстағы біраз мамандықтар түбірімен жойылып, 200-ге тарта жаңа мамандық дүниеге келеді екен.
Рудный индустриялық институты осы тұрғыдан алғанда дайындыққа бүгіннен кірісіп кетті. Солтүстік Қазақстандағы инженерлік-техникалық кадрларды даярлайтын бірегей оқу орны жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосты. Енді студенттер оқуын бітірген соң «BIM-менеджер-жобалаушы», «Ақпараттық жүйелер архитекторы», «АТ-аудитор», «Техник-стилист», «Жеңіл өнеркәсіпте АЖ-интерфейстерін әзірлеу», «Энергетикалық аудитор», «Тау-кен жүйелік инженері», «Басқарудың интеллектуалдық жүйелер архитекторы», «Инженер-композитші» мамандықтарын алып шығуға мүмкіндік алды. Олардың кейбірі қазірдің өзінде еңбек нарығында зор сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек, теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін институттың материалдық-техникалық базасы үнемі заманауи жабдықтармен жаңартылып отырады. Ал практикалық сабақтардың өндіріс орындарында ұйымдастырылуы студенттердің білімі мен дағдыларын шыңдай түсетіні анық. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осылайша Рудный индустриялық институтының түлектері қатардан қалмай, ел дамуына өз үлестерін қоса беретініне сенімдіміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ