Инвестиция игіліктері
Оның айтуынша, өткен жылы облыс экономикасына, шамамен, 245,3 млрд теңге инвестиция құйылған. Әдеттегіше, олардың көп бөлігі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Инвесторларды тарту мақсатында атқарылған шаруа да аз емес.
"Әлеуетті инвесторлардың пайдалы ақпаратқа оңай қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында облыстың интеракивті инвестициялық Картасы жұмыс істейді. Оған инвестициялар тартуды талап ететін инвестжобалар, өңірдің іскерлік айналымға жарауы ықтимал бос тұрған алаңдары мен бос жатқан жерлері, сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылымы және пайдалы қазбалар туралы мәліметтер енгізілген, – дейді аймақ басшысы. – Инвестициялар тарту құралдарының бірі – имиджді іс-шаралар. Мәселен, былтыр 12 қазанда Қостанай қаласында "Kostanay Invest 2018" екінші өңірлік инвестициялық форумы өткізілді, оған мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде, жалпы сомасы 251 млрд теңге болатын 19 өзара ынтымақтастық пен әріптестік құжатына қол қойылды".
Индустриялық аймақ, сөзсіз, Қостанайдың экономикалық "көзірлерінің" біріне айналды. Ол әлі салыну, қанат жаю үстінде. Қазіргі уақытта оның аумағында 300 млрд теңгенің 11 жобасын іске асыру пысықталып жатыр. Бұл арқылы 2 мыңнан астам жұмыс орны пайда болуы мүмкін.
"Олардың ішіндегі анағұрлым ірі жобалардың бірі – "Bio Grain" ЖШС бастамашылық жасаған ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдейтін заманауи кешен. Оның құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың 2-тоқсанында басталатын болады. Жоба елбасының шикізат экспортынан өзіміз дайындайтын өнімдер экспортына көшу тапсырмасын орындау шеңбесінде іске асады. Алғашқы кезеңінің сомасы – 300 млн теңге. Мұның сыртында, былтыр әмбебап-құрастыру кешендері құрылысы аяқталды. Оларда "Беларус" маркалы тракторлар өндіретін зауыт ("Композит Груп" холдингі) және құрылыс материалдары мен металл құрылымы цехы ("ЗЭО "Астық" ЖШС) орналастырылады", – деп таныстырды А.Бегежанұлы.