Алғашқы өнім талапқа сай ма?
Өткен жылдың күзінде өз жұмысын бастаған «Рудный вагон құрастыру зауыты» ЖШС «ССКӨБ» АҚ-ның алғашқы тапсырысын сәтті орындап шықты. Келісім-шартқа орай Қазақстанда баламасы жоқ бірегей зауыт қолданыстан шыққан 2ВС-105 деп аталатын думпкарды күрделі жөндеуден өткізді. Нәтижесінде жүк түсіргіш механизмі бар вагон адам танымастай өзгерді.
– Кен алыбы екі вагонды қайта жаңғыртуға тапсырыс берген болатын. Біз жұмыскерлердің кәсібилігі мен тәжірибесінің арқасында жөндеу жұмыстарынан уақытынан бұрын орындадық, – дейді серіктестіктің бас инженері Владимир Гавриш.
Рудный қаласында 90-жылдары 300-ге тарта думпкар шығарылған. Алайда белгілі себептерге байланысты өндіріс тоқтап, мамандар жан-жаққа тарап кетті. Араға 20 жыл салып, ескіні қайта жандандыру туралы идеяны жұмыскерлердің өздері көтерген. Осылайша, 2017 жылы қағаз жүзінде құрылған компанияның тізгінін белгілі инженер-металлург, жергілікті кәсіпкер Евгений Лежнев қолға алады. Міне, «қалауын тапса, қар жанар» дегендей, бүгінде ерекше өндірістің айы оңынан туып келеді. Мұнда думпкарларды құрастыру мен күрделі жөндеуден өткізу үшін барлық жабдықтар бар. Қуаты бір айда 4 вагонды нөлден құрастыруға жетеді.
Бас инженердің мәлімдеуінше, алғашқы өнім барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарына сай жасалды. Зауыт монтаждау жұмыстарына екі компанияны мердігер етіп алған. Оның бірі бөлшектерді жасап шығатын «Энергомет» болса, екіншісі – дайын бөлшектерді құрастыруға машықталған «Агрогазстрой» серіктесі. Сол себепті, алдағы уақытта зауыт тапсырыс берушілердің кез келген ұсыныс мен жаңалығын іске асыруға әзір.
Айта кетейік, қазіргі таңда кәсіпорын мүмкіндіктерін кеңейтіп, «ССКӨБ» АҚ-пен қатар Шығыс Қазақстандағы, Ресейдегі және Өзбекстан мемлекетіндегі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуде.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ