Экономикада серпіліс байқалды

Без имени-1Астықты өңірдің өңдеу өнеркәсібі секторындағы өсім көз қуантады. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы облыс кәсіпорындары 1 196,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірген (2018 жылы 883,4 млрд теңгенің өнімдері өндірілген). Физикалық көлем индексі 115,3%-ке тең. Республикада өнеркәсіп өнімдерін өндірудің көшін бастаған біздің облыстан кейін  Шымкент, Нұр-сұлтан қалалары мен  Батыс Қазақстан облысы тұр.
Өнеркәсіп саласында тау-кен өнеркәсібі басым. Оның үлесіне өндірістің 42,5% және өңдеу өнеркәсібіне 52,5%-і тиесілі.  
– Салада өткен жылы темір кенін, мыс және құрамында алтыны бар кендерді өндіру, темір кен концентраттары мен шекемтастарды өндіру ұлғайды, – деп баяндады облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина. – Бұл машина жасау және  металлургия өндірісінің өсуі есебінен қамтамасыз етілген. Жан басына шаққандағы нақты индекс көлемі  125,9% -ке тең.  Көрсеткіштердің өсіміне машина жасауды дамытудың  ықпалы зор.
Мәселен, біздің өңірде өңдеу секторының жалпы көлемінің 38%-і машина жасау саласының еншісінде. 2019 жылы «СарыАрқаАвтоПром»  ЖШС 24 077 жеңіл автомобиль шығарды. Яғни, өндіріс екі есе өскен.  1282 жүк көлігі (сегіз есе), 445 автобус пен шағын автобустар (өсім бес есе) құрастырылыпты. Соңғы бір жылда автокөліктердің экспорты бұрнағы жылмен салыстырғанда тоғыз есеге артқан. Бұл ақшаға шаққанда  13,2 млрд теңге деген сөз немесе 2629 көлік сатылған. Сондай-ақ, «Агромашхолдинг» АҚ комбайндар өндірісі 47,9% – ке артты.
Облыстық  экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның пікірінше,  металлургия өнеркәсібіндегі өсім, өңірдің өңдеу секторындағы үлесінің 20,4% – не тең.
Өткен жылы барлығы 127,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нақтылай айтқанда, «ССКӨБ»  АҚ  және «Проммашкомплект» ЖШС-індегі өнімдер 65% – ке, «Варваринское» және «Брендт» ЖШС өңделмеген және жартылай өңделген  алтын өнімдерінің көлемі 10,5%-ке ұлғайды. Өндіріс көлемінің айтарлықтай өсуі еңбек өнімділігіне, облыста өндірілетін өнімнің экспорттық әлеуетіне  оң әсерін тигізді. Мәселен,  саланың өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 19,8% – ке өскен
Облыс әкімінің  айтқанындай, көлік құрастыру секторына инвестициялар тарту артатын болады. Биыл Өзбекстан осындай қадамға ниет танытып отыр.
– Егер өткен жылы біздің автокөлік құрастыру саласына өзбек ағайындардың салған инвестициясы шамамен 30 млрд теңге болса, биыл  шамамен 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін, – деді Архимед Мұхамбетов. Айтуынша, онда  тек өндіріс ұлғайып қана қоймайды,  сонымен қатар жаңа модельдер құрастырылмақ.
 Қазір қандайда бір қаржы көздеріне қарамастан, экономиканың барлық салаларына инвестициялар тарту міндеті тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 44,1 млрд.теңгеден кем болмауы тиіс. Бұл ҚР Премьер-министрі мен облыс әкімінің инвестициялар тарту жөнінде қол қойған Меморандумда көзделген болатын.
Сондай-ақ, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барлық басқармалар мен өңір әкімдеріне инвестиция тарту арқылы бюджет шығындарын азайтуға тапсырма берді. Яғни, өңір экономикасын алға жылжытуда кәсіпкерлер барынша үлес қосуы тиіс.
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓