Бүгінгі қазақ Тәшеновке қарыздар
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ақбас бүркіт» спектаклінің премьерасы өтті. Оқиға желісі өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы Қазақ жерінде жүргізілген тың игеру науқаны кезіндегі кеңестік басшылықтың жымысқы саясатына қарсы тұрған мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің шыжыққа толы қайсар өмірі мен бірегей басшының айналасын баяндайды.



Жалған ұран, жалаң пафос, коммунизмді аңсау, ұлтшылдық ұранын жою мақсатында Кеңестер Одағы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Н.Хрущевтің заманындағы тың игеру науқанының жедел жүргізілуі, сол арқылы еліміздегі қазақ мектептерін жабу, ұлттық құндылықтарымыздың тамырына балта шабу былай тұрсын, Оңтүстік Қазақстан облысының үш бірдей ауданын Өзбек республикасына беру – бәрі бір ғана оқиғада көрініс тапқан. Тіпті, қазақтар өндіріс жағын игеруге қауқары жоқ деген сылтаумен Маңғыстау мұнай бұрғылау өнеркәсібін Түркіменстанға бергісі келген ойы Тәшенов бастаған ұлт басшысының наразылығына ұласқаны бейнеленеді.
Оқырман арасынан драманың тақырыбы неге «Ақбас бүркіт» деген сауал туындауы мүмкін. Жұмабек Тәшеновтің басына қиын іс түскенде қорғайтын пірі ол. Басты кейіпкердің өзіне де, тіпті, Қазақстанға қатысты оқыс шешім қабылдар алдында Хрущев бастаған Орталық Комитет мүшелерінің көзіне көрініп, «жеріме тиме» деген мағынада төбеден шүйлігіп алатын қыран құс.

Ал Қазақстанның солтүстігіндегі бес бірдей облысын кеңестік Ресей құрамына қосу туралы Орталық Комитеттің сұрқия жоспары кезінде ұлт қайраткері қандай қадамдарға барды? Астықты аймақтар уысымыздан шығып кете жаздаған тұста Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің алдында екі таңдау тұрды: бірі – егер бұл шешімге қарсылық көрсетпей, қол қояр болса, онда оны Мәскеуде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы деген үлкен лауазым күтіп тұр. Ал екіншісі, ғасырлар бойы бабалардың қанымен қорғалып келген көгінде қыран самғаған сайын дала, сол даланың киесі Қыдыр атаның Жұмабекке «жеріңе ие бол» деген аманат-аяны.

Өзінің басын үлкен қатерге тігіп, осы жолда бірегей тұлғаның Хрущевтің өзімен тікелей тартысқаны бұған дейін ел арасында аңыздай болып тараған болса, бұл ақиқат сахнада шынайы тұрғыда көрсетіліп отыр. Басын қатерге тігіп, ұлты үшін, жері үшін неден болса да тайынбаған Жұмабек Ахметұлының елдің зиялы қауымына, қарапайым азаматтарға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Міне, бұл оқиғалардың барлығын газет бетінен оқығаннан гөрі театр сахнасынан барып тамашалаған мың артық, құрметті оқырман. Ал қойылым ел басқарып жүрген азаматтарға ұлтын, тілін, ділін қалай сүю керектігіне үлкен сабақ болары анық.





Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ