Нұралы Садуақасов: « Болашақ жауынгерлерге қолайлы жағдай жасалу керек…»

Өңір басшысы Нұралы Садуақасов Қостанай облыстық әскерге шақырылу пунктінде болып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысты. Қостанай облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Асайын Алдажаровтың айтуынша, бұл ғимарат 1972 жылы салынған екен. 2011 жылы ғимараттың 2-3 қабатына ғана жөндеу жұмысы істелініп, қалған қабаттары қаржының жеткіліксіздігінен аяқсыз қалған көрінеді. Облыс әкімінің келу себебінің сыры да осында жатса керек. Биылдан бастап бұл әскерге шақырылу пунктінің ғимараты облыстық әкімшіліктің есебіне өтеді-міс. Асайын Алдажаров бізге осындай мәлімдеме жасады.
IMG_6914
– Сіздердің бұл өтініштеріңізді аяқ асты қалдырмаймыз. Жалпы, ғимараттың қазіргі жағдайы жаман емес. Тек қана ағымдық жөндеу жұмысы жүргізілсе болғаны. Ол жағынан біздер ақша бөлуді ойластырамыз. Отан қорғаушы жауынгерлерімізге қолайлы жағдай жасалу  керек,– деді Нұралы Садуақасов барлық жағдаймен танысқаннан кейін.
Бұған дейін аталған ғимарат министрлікке қарап келген-ді. Енді әскерилердің орталық ведомствасы шешім шығарып, облыстық әкімдікке бергелі отыр. Себебі, Қазақстан Республикасының Әскери қызмет туралы заңының 127 бабына сәйкес әскерге шақырылу науқанына жергілікті әкімшілік жауап береді екен. Сондықтан да әскерге шақырылу пунктінің барлық ауыртпалығын енді облыстық әкімшілік көтеретін тәрізді.
– Бұл мәселе бұған дейін айтылып келгенді. Міне, қазір облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың өзі келіп, барлық жайтпен танысып отыр. Менің ойымша осы жарты жылдың ішінде аталмыш мәселе түбегейлі шешілетін түрі бар. Себебі, бүгіннен бастап әкім мұны өзінің басты қадағалауына алды. Қанша қаражат жұмсалатынын да сұрады. Ол қаржыны бөлу үшін де әкім орынбасарларына тапсырма  жүктеді. Бұйырса, жөндеу жұмысы жүргізіліп, жауынгерлеріміз үшін қолайлы жағдай жасалып қалар? – деді департамент басшысы Асайын Алдажаров.
 
 
Нұрболат Мешітбаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓